"Апокалипсис десе артық емес": Лос-Анджелесте тұратын қазақстандық танымал тұлғалар қаладағы өрт туралы айтып берді
Лос-Анджелесте тұратын танымал қазақстандықтар қала тарихындағы ең жойқын өрттердің біріне куә болды. Олардың кейбіреулері үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Ольга Халецкая, Лидо және Татьяна Ким қаладағы жағдайды бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Танымал қазақстандық әнші Лидоның үйі өртке оранды, бірақ ол эвакуацияланбапты.
"Ой, мұнда не болып жатқанын білсеңіздер?! Апокалипсис десе артық емес. Кеше түнде қатты жел басталды, боран болды! Мен Лос-Анджелесте мұндайды ешқашан көрген емеспін. Артынша өрт шықты! Лос-Анжелестегі көптеген үйлер мен әйгілі орындар өртеніп кетті", – деп жазды Лидо.
Оның айтуынша, аймақтан 40 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Сонымен қатар электр қуаты мен ұялы байланыста ақау байқалған.
"Сүйікті қалам үшін жүрегім ауырады, мен адамдарды қатты аяймын", – деді әнші.
Өрт салдарынан қазақстандық режиссер әрі продюсер Татьяна Ким отбасымен бірге үйінен кетуге мәжбүр болды.
"Бәріміз аман-саумыз. Бізге түнеуге шақырған достарымызға рахмет. Руньон каньоны тазартылды, бірақ бұзылды. Баршаңызға түн тыныш өтті деп үміттенемін", – деді Татьяна Ким.
Иллюстратор Ольга Халецкаяның үйі де табиғи апаттың қасында болды, бірақ оны эвакуациялаудың қажеті болмады.
"Лос-Анджелестің үстін үлкен түтін торлады, кей жерлерде күйіктің иісі шығады, Sunset Blvd жолындағы бағдаршам жұмыс істемейді. Менің телефонымда дабыл үнемі шырылдап тұрады, мен оны қалай өшіретінімді білмеймін. Қатты жел пальманы ұшырып, жалынды өршітіп жатыр. Қазір Голливуд тауларында өрт шықты. Көше бос, жұрт жаңалықтар көріп, бірінің телефонына қарап отыр. Көптеген мекемелер жабылды", – деді ол.
Халецкая жергілікті тұрғындардың, еріктілердің және кәсіпорындардың қауіпсіздік және ұйымдастыру деңгейінің жоғары екенін атап өтті.
"Мұнда бір түнде көптеген еріктілер, коммерциялық емес ұйымдар және шағын кәсіпорындар тамақ, киім-кешек, баспанамен қамтамасыз етті, таңғы ас беріп, психологиялық көмек көрсетілді. Жергілікті қауымдастықтар көмек беруге дайын екенін жар салып айтып жатыр. Оның үстіне көптеген шағын кәсіпорындар өртеніп кетті. Бұл – адамгершілігі бар қоғам мен қарапайым адамдықтың көрсеткіші", – деп атап өтті суретші.
Еске салсақ, АҚШ-тағы Лос-Анджелес маңында орман өртіне байланысты эвакуация жарияланғаны айтылған еді. Салдарынан көптеген Голливуд жұлдыздары үйінен айырылды.