Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Ливерпуль" Англия чемпионатында 20-рет жеңімпаз атанды

Фото: Liverpool FC/Getty Images

2025 жылдың 27 сәуірінде "Ливерпуль" футбол клубы Англия Премьер-лигасында мерзімінен бұрын жеңімпаз атанып, өз тарихындағы 20-шы чемпиондық атағын жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Осылайша, "қызылдар" чемпиондық титулдар саны бойынша "Манчестер Юнайтедпен" теңесті.

34-тур аясында команда өз алаңында "Тоттенхэмді" 5:1 есебімен ойсырата жеңді. "Шпорлар" есепті ерте ашқанымен, "Ливерпуль" тез теңестіріп, ойынның қалған бөлігінде толық басымдық көрсетті. Қақпаны Луис Диас, Алексис Макаллистер, Коди Гакпо және Мұхаммед Салах дәл көздеді, сондай-ақ Дестини Удоджидің автоголы тіркелді.

Осы ойындағы жеңіс "Ливерпульге" 82 ұпай жинап, маусымның аяқталуына төрт тур қалғанда ең жақын қарсыласы "Арсеналдан" озып шығуға мүмкіндік берді.

Бұл жетістік жаңа бас бапкер Арне Слоттың басшылығымен келген алғашқы чемпиондық болып отыр. 2024 жылдың жазында Юрген Клопп кеткеннен кейін команданы басқарған Слот қорғанысты нығайтып, команда ойынын жаңа деңгейге көтере алды.

Айта кетейік, чемпиондық парад 2025 жылдың 25–26 мамырына жоспарланған. Парадқа ойыншылар, бапкерлер құрамы және мыңдаған жанкүйерлер қатысады деп күтілуде.

Абылайхан Палмағанбет
Дүйсенбі, 28 Сәуір, 2025 12:31
Талқылау