Ливанда жарылыс болды: Қазақстанның консулы жарақат алды
Ливандағы Қазақстанның консулы Бағлан Спабек Бейруттағы теңіз портындағы жарылыс кезінде жарақат алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ливандағы БАҚ-тың хабарлауынша, алдымен бір дыбыс шыққан, бес минуттан кейін қара және ақ түтін пайда болып, содан кейін қатты жарылыс орын алған, аспанға қызыл түтін көтерілген. Эпицентрден бірнеше шақырым радиустағы үйлерде жарылғыш толқын тіпті әйнектерді сындырып жіберген.
Алдын-ала болжам бойынша, жарылыс пиротехника қоймасында болуы мүмкін, бірақ кейінірек Ливанның жалпы қауіпсіздік қызметінің басшысы генерал Аббас Ибрахим пиротехниканың жарылуы туралы нұсқаны жоққа шығарып, бұл басқа жарылғыш заттар екенін айтты.
БАҚ кем дегенде 10 адам қаза тапқанын, жүздеген адам жарақат алғанын хабарлайды. Жарылыс аймағына бет алған өрт сөндіру бригадаларының бірімен байланыс үзілді.
Өртті сөндіруге тікұшақтар жұмылдырылды.
Ал Ливандағы қазақстандық дипломаттардың ақпараты бойынша, 4 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де Бейрутта теңіз портының базасында бірнеше қуатты жарылыстар болған. Жақын маңдағы үйлердің, сондай-ақ жарылыс эпицентрінен бірнеше шақырым жерде орналасқан ғимараттардың әйнегі сынған.
"Дипмиссия қызметкерлері осы уақытқа дейін жұмыс күні аяқталғаннан соң кеңседен кеткен. Консул жұмыста қалып, жарылыс кезінде аздап жарақат алды", - деп хабарлайды Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
"Жарылыс толқынының әсерінен Қазақстанның Ливандағы дипломатиялық миссиясының ғимаратынына зиян келді", - деп қосты СІМ.
Министрлікте дипломаттардың жергілікті билік органдарымен жедел байланыста екенін, олардың Ливандағы Қазақстан азаматтарының жағдайы туралы ақпаратты тексеріп жатқандығын атап өтті.