Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лифтте балаларға шабуыл жасаған астаналық жасөспірімнің қазір қайда екені белгілі болды

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Астанада лифтте балаларға шабуыл жасаған психикалық ауытқуы бар жасөспірім туралы тың деректер жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Динара Закиева балаларға шабуыл жасаған жасөспірімнің қазір қайда екенін айтты. Ол аудан әкімімен бірге ауруханада жатқан баланың әкесімен кездесіп, сөйлескен.

“Баланың жағдайы тұрақты, барлық қажет көмек көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ Астана қаласы бойынша аймақтық комиссар Бимендина А.Т қыздың анасымен үнемі байланыста. Шабуыл жасаған бала жағдайына байланысты тергеу біткенше денсаулық сақтау мекемесінде болады”, – деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл. 

Жасөспірімнің анасы жауапқа тартылды. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Динара Закиеваның айтуынша, жасөспірім арнайы бөлімнің бақылауында. 

“Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысына сәйкес, 2010 жылғы 7 тамызда туған кәмелетке толмаған жасөспірім 1 ай мерзімге психиатриялық стационарға жатқызылды. Науқас үшін күшейтілген бақылау режимі белгіленді", – деп мәлімдеді Астана қалсы денсаулық сақтау басқармасы.

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, сот шешіміне сәйкес қылмыс жасаған психикалық ауытқуы бар адамдар мәжбүрлі түрде емделетін мекемеде қазір 745 адам жатыр. Оның біреуі 2025 жылы келіп түскен кәмелетке толмаған қыз бала екенін атап өтті. Ал былтыр ешқандай науқас келіп түспеген. 

“2024 жылы кәмелетке толмағандар барлығы 1890 қылмыстық құқық бұзушылық жасады. Оның 130-ы аса ауыр. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар және олардың қатысуымен 12 кісі өлтіру фактісі тіркелді. Бұлай стигматизация жасап, қылмыс пен есепте тұрған кәмелетке толмағандарды байланыстыруға жол беруге болмайды”, – дейді Закиева.

Еске салайық, Астанада жасөспірім лифтте 5 жастағы баланың бетін тілгілеп, бір қызға шабуыл жасамақ болған еді. 

 

Талқылау