Ләйлә Сұлтанқызы: Балаларымыздың тым мінсіз болуын талап ететін сияқтымыз
Екі ұл өсіріп отырған Ләйлә Сұлтанқызы бала тәрбиесіндегі ересектер жиі жіберетін қателіктерді атады. Тележүргізушінің пайымынша, қазіргі ата-аналар балаларының мінсіз болғанын қалайды. Алайда кезінде өзінің де бала болып шалалық жасағанын ескермейді. Бұл туралы Сұлтанқызы Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сұлтанқызы ата-аналарды кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтап, оларға сауал тастады.
"Ата-аналар чаты барлығыңызда бар, білем. Ішінде бұзығы, қырсығы, тәртіптісі, лидері, үндемесі бар бұл чат 3 ай демалады. Оқу жылының сәтті аяқталуымен әр отбасын құттықтаймын.
Осы ретте сұрайыншы, жеткіншек баласы бар аналар мені түсінер, қазіргі бала туылғаннан тұлға болып өсуде, мұны біз қолдан жасадық па, өмір заңы ма, заман сондай ма маңызды емес. Жеткіншектердің құбылмалы мінезіне қарап, кімге қиын екенін білмеймін. Қызы барларға ма, ұлы барларға ма?" - деді ол.
- "Балалардың болашағына балта шабылады": Бағлан Әбдірайымов тегін үйірмелердің жабылуына қатысты пікір білдірді
Сұлтанқызы бала тәрбиесінде ересектер жиі жіберетін қателіктерді атады:
"Бірінші, әлі бала деп ойлаймыз.
Екінші, сенбейміз.
Үшінші, қорқамыз, күйгелектене береміз.
Төртінші ата-анамыз деп үстемдік етіп тұрамыз.
Бесінші, міндет пен тым көп жауапкершілікті артқымыз келеді.
Біз де бала болдық, бұзықтық жасадық, арамызда сабақтан қашқаны да, темекі шеккені де болды. Қазір біз балаларымыздан тым идеал болуын талап ететін сияқтымыз. Баланың балалық шағын ұрлап жатқан жоқпыз ба? Гормон ойнап тұрғанда керісінше көбірек сенім артсақ, ұтылмаймыз деп ойлаймын",- деп түсіндірді ол.