"Лауазымы, байланыстарымен жазадан құтыла алмайды": Министр Сәденов Алматыдағы жол апатына қатысты пікір білдірді

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов әлеуметтік желіде Алматыда болған резонансты жол апатына байланысты пікір білдірді. Айтуынша, кінәлілер лауазымы мен байланыстарына қарамастан жазадан құтыла алмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, президент минитрлікке осы жол апатына қатысты істі жан-жақты әрі объективті тергеп-тексеру және кінәлілердің жазадан жалтармауын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауға тапсырма берген.
“Аталған жол апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. ZEEKR автокөлігінің жүргізушісін сот шешімімен қамауға алу шарасы қабылданды. Анықталғандай, ол апат кезінде алкогольдік масаң күйде болған.
Сонымен қатар бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі фактілері бойынша да қылмыстық істер қозғалды. Тергеуді ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізуде. Қоғамда таралған барлық мәліметтер тексерілуде. Жағдайға объективті баға беру үшін Алматы қаласына ІІМ комиссиясы - Өзіндік қауіпсіздік департаменті, Әкімшілік полиция комитеті және Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департамент жіберілді.”, – деді ол.
Саденов сонымен қатар қызметте жіберілген кемшіліктер үшін Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылғанын жеткізді.
“Қазіргі уақытта қызметтік тәртіпті күшейту және заңдылықты қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдануда. Қалаға басқа өңірлерден полиция жасақтары жіберілді. 4,8 мың жол ережесін бұзу анықталды, 2 мыңнан астам көлік айып тұрағына қойылды. Осындай күшейтілген іс-шаралар бүкіл ел бойынша жүргізілуде.
Тергеу барысы менің жеке бақылауымда. Барлық кінәлілер заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Ешкім де мәртебесіне, лауазымына және байланыстарына қарамастан, жауапкершіліктен жалтара алмайды. Барлығы заң алдында тең”, – деп қорытты ол.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда болған жол апатында бірнеше адам қаза тапты. Кейін апатқа кінәлі жүргізушінің Zeekr көлігін басқарғаны және жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Тергеу аясында бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, полиция департаментінің бірнеше жоғары лауазымды қызметкері қызметінен босатылды.
"Ай сайын ит-мысықты асырауға 8 миллион теңге жұмсаймын": Қазақстандық панажай иелері далада қалған жануарларды қалай асырайды