"Лаңкестер жағында соғыспақ болған": Ақтөбелік ер адам үйінде 30 шақты қару сақтаған
Ақтөбеде мен Қаскелеңде терроризмді насихаттаған тұрғын 9 жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Ұлттық қауіпсіздік қызметі ақтөбелік ер адамның айналасындағыларды лаңкестер жағында шетелдегі соғыс қимылдарына қатысуға шақырғанын, өзі де оларға қосылуды жоспарлағанын анықтады.
Тінту барысында одан 2 автомат, 8 тапанша, 8 мылтық, 3 шолақ қару, жасырын тасымалданатын гарнитурасымен 6 радиостанция, 3 түтін шашкасы, 1 жарық гранатасы және 581 патроны табылды.
Сондай-ақ Қаскелең тұрғыны терроризмді насихаттағаны және террористік әрекеттерді ұйымдастыруға адамдарды тартқаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Фигурант Қазақстанда резонансты зорлық-зомбылық акциясын жасау үшін лаңкестік топ құруды жоспарлаған. Осы мақсатта басқа діндар адамдарға лаңкестік идеологияны қабылдатып, оларды өз қатарына тартуға әрекеттенген.
“Осы жылдың басынан ҰҚК тергеген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін әртүрлі мерзімге 34 адам, сондай-ақ 2 шетел азаматы сотталған. Олар терроризмді насихаттағаны, діни араздық тудырғандығы, террористік және экстремистік топтардың әрекетіне тартқаны, құрғаны және оларға қатысқаны, тыйым салынған ұйымдардың әрекетіне қатысқаны үшін кінәлі деп танылған”, – деп мәлімдеді ҰҚК.
Тағы 23 адамға қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Еске салсақ, 2016 жылы Ақтөбеде теракт жасалған еді. Теракт нәтижесінде 26 адам, оның ішінде төрт тұрғын, үш әскери және 18 экстремист көз жұмды. 38 адамға медициналық көмек көрсетілді, оның 20-сы ауруханада емделген.