Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордалық келіншек көп балалы ананың іш киімін ұрлап киіп, балалы болды

Өзге өңірлер секілді қызылордалықтардың да айрықша сенетін ырым-нанымдары бар. Уақыт өткеніне қарамастан өзінің мәнін жоғалтпаған дүниелер көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудыратыны рас. Сыр өңірінің өкілдері ұстанатын ырым-тыйымдар естігеннің жағасын ұстатпай қоймайды. Бүгін Stan.kz оқырмандар назарына солардың бірсыпырасын ұсынуды жөн көрді.

«Көп жағдайда көзі көк адамнан сескенген дұрыс. Әсіресе, мұндай әйел адамдардың жақсылыққа көзі тез түседі. Кіші ұлымның жоғары білім бар, өте сауатты азамат. Аяқ астынан ауырып қалып, денсаулығы нашарлап кетті. Соған қарамастан туған күнін жасап, әріптестерін үйімізге қонақ еттік. Келген қонақ қыздардың бірінің көзі көк екенін байқадым. Дереу, аяқ киімінің ұлтарағын суырып алдым. Кейіннен, сол ұртарақты ұлыма беріп, моншада сонымен ысынып жуын дедім. Енді балам қатты таңқалып, тіпті ренжіді. Бірақ сол ырымды жасағаннан кейін, сауығып кетті. Бұрынғыдай емес, өзін сергек сезінетін болды. Бұл ырым арқылы көз тиген адамды емдеп алуға болатынына сенемін», – дейді қала тұрғыны Рустем Серікбаев.

Қызылордада жаңа туған нәрестелерге қатысты жасалатын, мәнін жоймаған ырымдар да жетерлік.

«Жаңа туылған сәбиге қырық күн толғаннан кейін, нәрестенің шашы мен тырнағын алады. Егер қыз баланы қырық күннен асыра қырқынан шығарса, болашақта оның қалың малы көп болады деген наным бар. Ал, ер баланы керісінше, қырық күнге толмай, шомылдыру қажет. Сол кезде ол қалың малды аз төлейді. Әрине, бұл ырымға сену немесе сенбеу әркімнің өз еркі. Бірақ, бұл дүние бізде бүгінгі күнге дейін сақталып келе жатқаны қуантады», – дейді аяулы әже Света Альмуханова.

Жасыратыны жоқ, қазақта қыз-келіншектерге қатысты ырым-нанымдар өте көп.

«Жүкті бола алмай жүрген келіншек, өзге балалы әйелдің іш киімін кисе, аяғы ауырлайды» деген ырым көпшілікке жақсы таныс. Қызылорда тұрғыны Айгүл мұны өз тәжірибесінде тексеріп те көрген.

” Тұрмысқа шыққаныма 5 жыл болған кезде жеңгемнің ішкиімін ұрлап кидім. Араға екі ай салып Құдайдың бергені болар аяғым ауыр екенін білдім. Қазір ұл бала тәрбиелеп отырмыз. Бұйырса артынан іні-сіңлілері ереді деген үмітіміз бар”,-дейді  Айгүл.

Ал, етеккірі кешігіп, денсаулығында ақау табылмаған жанға не істеуге болады? Бұл ретте де қызылордалықтар пайдаланатын дүние бар.

«Немеремнің етеккірі уақытылы келмейтіндігі қатты алаңдатып жүрді. Бұл әйел ағзасы үшін қалыпты жағдай емес. Бұрын енем етеккіріміз уақытында келмей жүрсе, жанұямыздағы барлық ер кісілерді өзге үйге қонуға жіберетін. Тіпті, жалғыз өзімізді үйге қалдырып, емін-еркін жүруімізге рұқсат беретін. Арам қан еркектің иісін сезбесе пайда болады деп сенетін. Ауылдық жерлерде бұл ырым әлі сақталып келеді», – дейді Қармақшы ауданының тұрғыны Әлима Өтегенова.

Жалпы, көп адамдар ырым-нанымдарға сене бермейді. Ол әркімнің өз еркі екені де белгілі.

Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.

 

 

Талқылау