"Кірдің суы төгілген жерді баспа: жын-шайтандар жүреді". Қазақтың ырым-тыйымдары астарында не жатыр?

"Тізеңді құшақтама", "табалдырықта тұрма", "үйдің ішінде ысқырма".. Осы сияқты ырым-тыйымды әрбір қазақ бала кезден естісе керек. Алайда қазір ырымдарға құлақ түретіндер қарасы азайған. Мұны этнографтар да айтып отыр. Көшпенді қазақтар экологиялық мәдениетті болған, дейді мамандар. Ырымдар фетишизм емес пе, шариғат оған не дейді және болашақта олардың маңызы бола ма? Stan.kz редакциясы осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

Ырым-тыйымдар  - уақыт сынынан өтті және оларды сақтау керек, дейді этнограф ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай. Тарихшының айтуынша, қазіргі кезде ырымдар көп жерде сақталмайды. Бірақ сақталуы тиіс еді, дейді ол.

Қазақтардың ырым-тыйымы экологиялық мәдениеттіліктен шыққан

"Көшпелі қазақтар жайлауға көшкенде түйеге жүкті артып, барлығы көшіп болған соң бір-екі адам ат үстінде қайтып келеді де, қоқыстарды жинап, отқа жандырып, келесі маусымға дейін аман-сау тұрсын деп, тазалап кетіп отырған.  Мұны "жұртшылау" дейді. 

Ырым мен тыйымның шығуы көпшпенділердің табиғатты өз үйі деп есептегенінен туындаған. Ал қазір тауда әрбір метр шақырым сайын бір центнер қоқыс жатыр. Жеке басым тауға жиі шығамын, осындай көріністі байқаймын", - дейді этнограф. 

Айтуынша, көшпелі қазақтар қоршаған ортасына зиян тигізбеген және көп тыйымдар содан қалыптасқан.

"Бала кезімде бір жолы жайлауға көшіп жатқанда, сонда түнде қонып қалдық. Кішкентай жотаға інім екеуміз көтерілдік. Сол жерде арқардың басын қасқыр жепті де, қалдырып кетіпті, бастың иісі мүңкіп шығып жатыр екен. Інім екеуміз басты суға лақтырып жібердік. Иісті сезген әкем қасымызға келіп не болып жатқанын сұрады. Басты суға лақтырып жібергенімізді естіп: "Не деген ақымақсыңдар! Ол суды ластайды ғой, иттің балалары!" деп ашуланғаны есімде.

Сонда біз: Бұл өзен Қытайға қарай ағады емес пе?!, - дейміз. Әкем болса: Қытайға ма, басқаға ма, қандай айырмашылығы бар? Өзенді, суды ешқашан былғауға болмайды, - деген еді.

Тағы бір жолы мынадай оқиға болған. Інім қамшыны керемет сілтейтін. Жолда бір жыланды көріп қалдық. Інім қамшымен тартып кеп жібергенде, жылан дір-дір етіп екіге бөлінді де қалды. Әкем бас сала бізге ұрысты. "Біз өз жолымызбен ат үстінде кетіп бара жатырмыз, жылан өз бетінше кетіп бара жатыр. Ол да құдалыққа, қызын ұзатуға кетіп бара жатыр ғой" дегені есімде. Біздің оның айтқанына күлкіміз келген еді. Ініме аттан түсіп үстін таспен бастыр, деді.Үстіне құрт-құмырсқа, шыбын қонады, сасиды деді.

Таудағы сайдың ішінде жүргендегі әкеміздің жылан екеш жыланға қынжылған", - деп еске түсірді тарихшы. 

Айтуынша, бұрынғы қоғам мен қазіргі қоғамды салыстыру қиын. Қазір қазақтарда экологиялық мәдениет жоқ.

"Ал біздің қоғамда мұндай нәрсе мүлдем сақталмайды. Іле өзенінің жағасына барғанымда әрбір 100 метр шақырымнан бір камаз қоқыс шығатынын көзіммен көрдім. Қайдағы экологиялық мәдениет? Таудың бәрі - толған қоқыс", - дейді тарихшы

Ырым-тыйымдар ескірмейді

Айтуынша, ырым-тыйымдардың жаманы жоқ, қазақтың дәстүрінің тозығы жоқ. Демек ырым-тыйымдар да ескірмейді. 

"Қазақта бұрын тамақ беретін әйелдің қолында міндетті түрде күміс болуы керек-тін. Бұл сән үшін тағылмаған, біріншіден, тамағы таза болсын деп, екіншіден, өзінің ағзасына пайдалы болғандықтан таққан. 

Қасқырдың тісі сияқты заттарды тағу туралы айтатын болсақ, қазақ ежелден көк бөріні қасиетті санаған. Тіпті көк бөрінің терісін іліп қоятын болған. Бұл фетишизм емес", - дейді этнограф.

Басқа елдерде ырым-тыйым бар ма?

Мысалы, Моңғол халқы Шыңғысханнан қалған өсиеттерді ұстанады. Кімде-кім ағынды суға түсетін болса, ол өлім жазасына кесіледі делінген. Яғни мұнда суды ластамаудың маңызы меңзеледі, дейді ғалым.

"Ақты, ет тағамдарын моңғол халқы аса қадірлейді. Жас ағашты кескізбеген. Шіріген, қурағандарын отынға пайдаланған.

Бір жаққа аттанарда аттың үзеңгісіне қымыз жағады. Оның себебі, қымыз деген көшпендінің қасиетті сусыны, ол күш береді", - дейді ол. 

Ғалымның айтуынша,  ырым-тыйымдардың мағынасы зерттелуді қажет етеді, олардың себебі, философиялық мәні бар. 

"Бұл - біздің дініміз исламға дейінгі наным-сенімдер мен діннің қосындысы. Олар бірін-бірі жоққа шығармайды. 

Адам қайтыс болғанда жетісі, қырқын, жылдығы беріледі. Ол исламнан бұрын 2000 жыл бұрын болған. Ас беру ахмаведха үнді эпостарында кездеседі. Сол сияқты айға, жұлдызға табыну исламға дейін болған. Сондықтан ислам ырым-тыйымдарға айтарлықтай әсер етті деуге болады", - дейді Ахмет Тоқтабай.

Исламның ырым-тыйымдарға көзқарасы: бұл фетишизм бе?

Қазақ халқының салт-дәстүрлері, ырым-тыйымдары көп. Оның көпшілігі шариғатқа қайшы келмейді, дейді Медет Құрмашұлы, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы. Ал шариғатқа қайшы келетіндері: болашақты болжау, балгерлік, құмалақ ашу бұлар шариғатқа келмейді.

"Фетишизм - бір нәрсе сәттілік әкеледі деп сену.  Шариғатқа қайшы келмейтін ырымдарға ислам қарсы емес. Мәселен, бір нәрсе маған сәттілік, бақ әкеледі, жолымды ашады деп сенсе, бұл шариғатта дұрыс болып есептелмейді.

Шариғаттағы сенім: жақсылық та, жамандық та - Алла Тағаладан. Қандай жақсылық, жамандық келсе де, біз оның Алладан екеніне сенеміз", - дейді ол.

Ислам нанды қасиетті деп есептей ме?

Медет Құрмашұлының айтуынша, қазақ нанды өте қатты қастерлейді, ислам да ас атасын құрметтеуге шақырады.

"Нанды шашпа, нанды баспа" деген тыйымдарға қатысты, ислам ысырапшылдық қылу, асқа құрмет көрсетпеу ислам дініне қайшы нәрселер. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) "Нанды құрметтеңдер" деген хадисі бар. 

Құранда Алла Тағала: "Ішіңдер, жеңдер, ысырап қылмаңдар, Алла тағалы ысырапшыларды жақсы көрмейді" делінген. Бұл жердегі "Нанды баспа, шашпа" дегеннің астарында да ысырап қылмау, нанды құрметтеу жатыр. Бұл шариғатта бар нәрсе.

Алладан басқа ешкім пайда да, зиян да бере алмайды. Ал көз тию шариғатта құпталады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде көз тию - ақиқат, деген екен", - дейді маман.

Көзмоншақ, тастарды тағуға ислам қалай қарайды?

Айтуынша, көз тимесін деп тағылған бұйымдар мен заттарға ислам қарсы емес және көз тиюді қалыпты құбылыс деп есептейді.

"Көзмоншақ таққан уақытта, көз өтетін адамның көзі балаға емес, тағылған моншаққа түседі де, көз тимейді.

Әйел адам Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) бақшама көз тимеу үшін не істеймін деп сұраған екен, сонда ол малдың бас сүйегін іліп қой деп жауап берген. Бұдан шығатын қорытынды: адамның жаман энергиясы сол бас сүйекке түседі, егінді көз тиюден осылайша қорғауға болады.

Бұл жерде ас сүйек көз тиюден сақтайды деген сөз емес, көз тиюден сақтайтын Алла тағала екенін ұмытпауымыз керек", - дейді Медет Құрмашұлы.

40 күнге дейін жаңа босанған әйел қолын суық суға салса, баласы тас бауыр болады; әйелді ұрсаң қолың сынады; кірдің суын баспа т.б сияқты тыйымдарға шариғат қалай қарайды?

"40 күнге дейін әйел қолын суық суға салса, баласы тасбауыр болады" деген нәрсе әйел адам суықтан сақтану, күтіну керек деген мағынада айтылған болуы керек. Әйелді ұруға келсек, шариғатта бұл дұрыс емес. Мәселен, Пайғамбарымыз өмірінде ешкімді ұрмаған. 

Ал "Кірдің суы төгілген жерді баспа" деген тыйымға келер болса, кірдің суы төгілетін, күл төгілетін жерлер жын-шайтандар жүретін жерлер деп есептеледі. Сондықтан ондай жерде жүргенде абайлау керек, жын-шайтандар тиісуі мүмкін делінеді.  

Жалпы қазақтар балаларын обал болады, сауап болады деп, түрлі тыйым сөздермен тәрбиелеп отырған", - деп қорытындылады Медет Құрмашұлы.

 

 Дайындаған: Назерке МҰСА

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр