"Біз 50 адамнан астық": Семей мектептерінде теракт қаупі туралы хабарлама тарап жатыр (видео)
Семейдегі мектеп чаттарында оқу орындарында терактілер жасалуы мүмкін деген мазмұндағы хабарламалар тарап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Telegram мессенджерінде атыс қарулары, гранаталар мен оқ-дәрілердің суреттері, теракт жасалуы мүмкін делінген қала мектептерінің тізімі жарияланған арна пайда болды. Хабарламада ондаған мектептің нөмірлері көрсетіліп, қару-жарақтың суреттері салынған.
"Семей бұл күнді ұмытпайды. Біз 50 адамнан астық. Құтылып кете алмайсыңдар", – делінген хабарламалардың бірінде.
Бұл хабарламалар ата-аналар мен оқушыларды қатты алаңдатты. Абай облысы полиция департаменті теракт дайындалып жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтып, тұрғындарды дүрлікпеуге шақырды.
"Бұл ақпараттар шындыққа сәйкес келмейді және халық арасында дүрбелең туғызуды көздейді. Полиция департаменті азаматтарды сабыр сақтап, арандатушылыққа бой алдырмауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады", – делінген ведомство таратқан хабарламада.
Білім беру мекемелеріне қатысты айтылған қауіптер бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде 16-17 жас аралығындағы бір топ жасөспірім атыс пен суық қаруды ұстап желіге суреттерін жариялаған. Полиция заңсыз қару ұстаған жасөспірімдердің кім екенін анықтап, жауапқа тартты. Жасөспірімдер әрекеттерін мойындады. Олар мұны біреуге қауіп төндіріп, зорлық-зомбылық жасау үшін емес, "контент үшін" пайдаланғандарын алға тартты. Полиция олармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелер өткізіп, барлығын есепке алды