"Құранда қыздарға орамал тағу керектігі айтылмаған": Публицист Серік Рысжанов Құрандағы тыйымдар жайлы айтты
Құранды орыс тіліне аударған публицист Серік Рысжанов қасиетті кітаптағы тыйымдар жайлы айтты. Оның сөзінше, Құранда қыздарға орамал тағу міндеттелмеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Құранда қыздарға орамал тағу керектігі мүлде айтылмаған. Мұндай талап жоқ. Тек 24-сүренің 31-аятында осы туралы айтылады. Бірақ орамал тағу жайлы астарлап жеткізілген секілді. Ал мұның мәнін біз сүннеттерден табамыз", – деп мәлімдеді Серік Рысжанов Арман Байтасовқа берген сұхбатында.
Публицистің сөзінше, Құран мәтінінің тура аудармасында қыздарға омырауын жауып жүруі керек екені айтылған.
"Омырауын ер адамдар көрмеуі керек. Себебі осылайша сол әйел туралы жаман пікір болмайды. Тағы да қайталаймын, Құранда басқа орамал тағу керегі жазылмаған. Мұны бізге тек дәстүр мен сүннет міндеттейді", – деп қосты ол.
Серік Рысжанов Мұхаммед пайғамбардың Құранда айтылған дүниелерді өмірде қалай қолдану керегін түсіндіріп, көрсеткенін айтады. Алайда сүннеттердің өзі пайғамбар дүниеден өткен соң 200 жылдан кейін жазылған дейді ол.
"Зерттеп қарайтын болсақ, бұл сүннеттер ауыздан ауызға айтылып, бес буынға берілген. Бірақ түпнұсқа ақпаратты ауыздан ауызға жеткізу мүмкін емес, оның үстіне бес буынға. Сонымен қатар бұлардың негізгілері Құранға қарама-қайшы келеді", – деді Серікжан Рысжанов.
Айта кетейік, бұған дейін Серік Рысжан Құранда Інжілдің жоққа шығарылмайтынын айтқан еді.