"Құр майға макарон пісіріп жейміз": Картоп пен сәбіздің қымбаттағаны қазақстандықтарға қалай әсер етті?
Картоптың келісі 500-ден асып, сәбіз 700, сұйық май мың теңгеге жеткенде жалғыз жәрдемақымен күн көріп отырған азаматтар қалай өмір сүріп жатыр? Жалғызбасты, көпбалалы ана Лаура Нұртазинова қаражаты жетіспеген соң, қарызға белшеден батқанын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп хабарлайды.
Қымбатшылықтың салдарынан астаналық Лаура Нұртазинова қазір саудагерлерден тұрып қалған көкөністі сұрап алып, жан бағуда. Еден жуып, 32 мың теңге айлық алатын жалғызбасты ана жәрдемақының арқасында ғана пәтер жалдап отыр. Қазір оған ауладағы ешбір дүкен қарызға азық-түлік бермейді екен. Өйткені алғанын қайтара алмай, белшеден берешек болып қалған. Егер тамақ тағы қымбаттайтын болса, қалай жан бағатынымызды білмеймін деген келіншек еріксіз жылайды.
Жалғызбасты, көпбалалы ана Лаура Нұртазинова қаражаты жетіспеген соң, қарызға белшеден батқан.
“Алатыным 90 мың теңге. АСП жәрдемақысы. АСП-ым 50 мың теңге шығады. Пособиям 46 мың теңге шығады. Оның 75 мың теңгесін мен квартираға беремін. Қалған ар жағынан мен дым ала алмаймын. Мына көкөністердің барлығын анау фруктовыйдағы елдер бұзылып қалғандарын береді. Өстіп әкеліп қойып, балдарыма әйтеуір кішкенеден жұғымдап беремін. Жеп отырған тамағымыз міне: құр майға макарон пісіріп жейміз осылай. Күніне бір уақыт тамақ жейміз. Енді жоқ болғаннан кейін қара нан мен қара шәймен өстіп отырамыз. Жетпейді ештеңеге. Жаңа картошка алып келдім.
Келісі 735 теңгеден: "Алтын жалатылған" сәбіздің бағасы қазақстандықтардың жағасын ұстатты
Міне: екі картошка мен сарымсақ алып келдім. Одан артық біз ала алмаймыз ештеңе де. Сүт бермей келдім балама, өйткені менің уже қарызым көбейіп кетті магазинде. Қашан әкелесің, қашан әкелесің қарызды деген кезде жаным шығады. Балаларыма білдіртпей, бұлар: мама жыламашы, мама жыламашы дейді”, – дейді ол.
Айта кетейік, қазіргі таңда Лаура Нұртазинова секілді бір айлық табысы отбасындағы адамдардың санына шаққанда 34 мың теңгеден аспайтын, ел бюджетінен атаулы әлеуметтік көмек алып отырған 799 мың екі жүз адам бар. Олардың 171 мыңнан астамы 6 жасқа дейінгі балалар.