Қыдырәлі Болманов тоқал алуға қатысты пікірін білдірді
Елімізге танымал продюсер Қыдырәлі Болманов жарының өзіне тоқал алып беруіне қалай қарайтынын айтты.
Бұл туралы Stan.kz сайты хабарлайды.
Күні кеше жұрт Қарақаттың жолдасы Қыдырәліге тоқал алып беруге ниетті екенін естіп шулаған-ды. Артынша әнші мұның қалжың екенін айтып, өзіне қарсы жағымсыз пікір жазғандарға ренішін жеткізген болатын. Ал Қыдырәлі Болманов тоқал алуға қатысты өзіндік пікірімен бөлісті.
“Сіздер бізді 15-20 жылдан бері білесіздер. Көз алдыларыңызда өсіп-өніп келе жатырмыз. Ешқашан есер дүниемен айналыспаппыз. Баталарыңыздың арқасында үлгілі отбасыға айналдық. Өйткені, Қарақат екеуіміз үшін ең қымбат дүние – Отанымыз бен отбасымыз. Екеуіміз алғаш танысқанда ол 18 жасқа енді толған болатын. Сол күннен бастап ешқашан ажыраған емеспіз. Ойланып қарасақ, бес күн жалған дүниеде ең басты бақыт – жаныңды түсінетін, шексіз сүйетін, абыройыңды еселер асыл жар! Қарақаттың құттықтау хатында ағынан жарылып, қалай сүйетінін, қалай қадірлейтінін көрсеткісі келген ақ адал ниетін ғана көріп тұрмын. Сол сөздерді жазып отырғандағы жүрегінің лүпілін де сезіндім. Шынымды айтсам, айдай әлемнің алдында осындай сөздерді жаза алуы – Қарақат екеуіміздің бір-бірімізге деген махаббатымызды, бір-бірімізге деген сенімімізді үстемелеп, шегелеп тастады. Мен үшін асыл жарым отқа да, суға да түсуге дайын екенін сол сөзімен жеткізді. Ол маған бұрынғыдан да жақындап, жүрегіме мәңгіге “байланды ”, – деп Қыдырәлі Болманов отбасында ешбір келеңсіз оқиғаның болмағанын жеткізді.
Продюсер жұбайының қалжыңының осыншалықты шуға айналып кететінін күтпеген екен. Десе де, ол қосағының атынан барша жұртқа өтініш білдіріп, түсіністікпен қарауды сұрады.
“Қарақатымның сөзін басқа әйелдер жазбақ түгілі, әзілдей де алмайтын шығар?! Сүйген адамына екінші әйел туралы айтуы батыл жүрек, тастай берік иман, қамалдай сенім керек. Ол жазбадан алған ең басты, ең маңызды дүнием – Қарақатымның шексіз махаббаты. Шексіз сенімі. Сенім – бақыттың да, абыройдың да, ардың да, махаббаттың да негізгі тұғыры, кілті. Даналығымен тәнті еткен Қарақатыма ризамын. Бұл – менің тоқал алғысы келіп отырған сөзім емес. Ол – Қарақаттың жүрегіндегі маған деген махаббатын әсірелей жеткізгісі келгендегі сөзі екеніне күмәнім жоқ”, – деп Болманов сүйіктісінің жақсы қасиеттерін жіпке тізді.
Ары қарай “Шығармашылық адамдарының әлемі мен жан-дүниесі де өзгеше болады ғой. Мұны да тілегін ерекше жеткізгісі келгені деп білемін. Оның астарында тек әппақ көңілі мен ниеті жатыр. Дұрыс қабылдауларыңызды, дұрыс түсінулеріңізді өтінемін. Осынша шуға айналып кетеді деп ойламаппыз. Бұл бар болғаны “Қарақат Сұлудың Қыдырәлі Көрпешке” жазған ешкімге залалы жоқ жүрекжарды хаты ғана. Және солай қабылдануы керек”, – деп сүйіктісінің атынан халыққа өтініш айтты.
Бүгінде отбасында тату-тәтті өмір сүріп жатқандарын айтқан Болманов өзі жетекшілік ететін ұжыммен бірге Германия еліне аттанды. Аталған елде қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп, дәстүрлі өнерінен “дәм татқызбақ”.
Оқи отырыңыз:
Қыдырәліге ерекше сый жасағысы келген Қарақат жұрт алдында тоқал алып беруге уәде етті
Әріптестері Қарақаттың Қыдырәліге тоқал алып беруіне қатысты пікір білдірді
Қарақат Қыдырәліге тоқал сыйламақ болған себебін түсіндірді
Қарақат өзін Тасмағамбетовпен жасырын қарым-қатынасы бар деген қауесетке жауап берді