Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күйеулерінен таяқ жейтін әйелдердің дені – жұмыссыз": Белгілі коуч тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың себебін айтты

Белгілі коуч, психолог Роза Әшірбекова тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдердің басты проблемасын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Мархабат” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Коучтың айтуынша, ата-енеден бөлек тұруды насихаттаудан шаршамайтын көрінеді. 

“Ағайын тату болса ас көп” дейтін ер-азаматтарға бәрінің бір жерде тұрғаны ыңғайлы. Ал әйелдерге ыңғайсыз. Жанұяда қанша адам болса, сонша адамның жұмысы әйелдің мойнында болады. Әйелдің ақша табуға, жұмысқа тұруға, өзін күтуге мүмкіндігі болмайды. Сол үйдегі бүкіл қызметті жасайды. Көп жағдайда, әйел адам үлкен отбасында тұрған кезде жұмысқа шықпайды. Менің аудиторияма жиі айтатын инсайтым – әр әйелдің ақшасы болуы керек. Үй шаруасындағы әйелдер өте көп зорлық-зомбылық көріп жатыр. Статистика бойынша ондай жағдайға жиі ұшырайтын әйелдердің дені – жұмыссыз. Оның ақшасы болмағандықтан, күйеуінің тапқан тиынына тәуелді болғандықтан не істесе де шыдайды. Содан кейін күйеуінен таяқ жеп жатқанда, әйелдің айқайлаған даусын көршілер естіп, полиция шақыратыны белгілі. 15 тәулікке қамалатынын білсе де әйелдері алып қалуға тырысады. Өйткені, ең үлкен себебі: әйел ақшасыз қаламын деп қорқады. Әйелін ұрған еркек отбасының жалғыз асыраушысы, сондықтан түрмеге қамалатынын білсе де шыдайды. Үйде құр қол отыра беруге болмайды. Жүктілікті жоспарлау керек. Бірінен кейін бірін босанудың қажеті жоқ. Арасында ақша тауып, жұмысқа шыққан дұрыс деп айтамын”, – дейді коуч. 

Сондай-ақ, психологты келіндерді азғырасың деп жазғырушылар да жоқ емес екен.

“Ата-енеден бөлек тұр деп кеңес айтсам, сен азғырасың деп мені айыптайтындар аз емес. “Өзім тұрғым келеді, ата-енем де қамқор, балаларыма бас көз болады” деген келіндер болса, қуанамын. Бірақ “магистратура мен докторантура бітірдім, шетелде оқып келдім, ата-енеммен бірге тұрамын. Күйеуім бөлек шыға алмайды” деп жазатын қыздар өте көп”, –дейді психолог. 

Айтуынша, қазіргі жастар ақылды көрінеді. Сол үшін жігіттер үйленуге асықпайды, қыздар тұрмыс құрғылары келмейді. Өйткені отбасы жауапкершілігі үлкен жұмыс екенін екі тарап та түсініп үлгерген. 

Еске салайық, Роза Әшірбекова “ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасын реттеймін” деп ақылы сабақ сатып, сынға қалған Қыран Талапбектің әйелін қолдағанын жазған болатынбыз. 

   

Талқылау