"Күнде бастан ұрып, ішімізден тебеді": Әскерде әлімжеттік көрдім деген 20 жастағы сарбаздың арызы бойынша іс тоқтап қалған
Алматы облысындағы №3660 әскери бөлімінің сарбазы әскерде күн сайын соққыға жығылатынын айтып, шағымданған еді. Сарбаз Сапархан Қауынбайдың арызы бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтап қалған. Ішкі істер министрлігі оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының хабарлауынша, қылмыстық құқық бұзу фактісі анықталмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Сапархан Қауынбай ұлттық ұланның Алматы облысындағы №3660 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген бірнеше адам ақша бопсалап, басынан тебетінін айтқан еді.
Тергеуші Әділет Айдарбаевтың айтуынша, сарбаздың әскерде әлімжеттік көргеніне дәлел жоқ. Оның сөзінше, тергеуде ешкім айыпты мойындамаған.
"Cарбаз Қауынбай арызында көрсеткендердің бәрінен жауап алынды. Бәрі айыпты жоққа шығарды. Оның сөзіне куә табылған жоқ. Бөлімдегілердің бәрі оны біреу ұрғанын көрген жоқпыз, білмейміз деді", – деді тергеуші.
Сарбаздың әкесі Ғани Алтаев тергеудің әділ өткеніне сенбейді. Сөзінше, баласына екі рет сот-медицина сараптамасы жасалған. Сараптама қорытындысында "мидың маңдай және төбе жағында патологиялық толқындар бар, осы жағы зақымданған болуы мүмкін" деп жазылған.
Тергеуші Әділет Айдарбаев сараптама көрсеткен ауру сарбазда әскерге дейін де болған деп мәлімдеді.
"Ұрып-соғудан зақым алмаған, басы таза деп шықты. Мұрны ауырады екен, ол суық тигеннен болған", – деді Айдарбаев.
Ғани Алтаев тергеу барысын бақылай алмағанын айтты. Әскери тергеу басқармасы жігіт кәмелетке толған деп әкесін тергеуден шеттеткен. Алтаев бұған наразы.
"Адвокат жалдауға қаражатым болмады. Мені тергеуден әдейі шеттетіп тастады. Баламның өзі әскерде. Сол үшін бұл істі ешкім бақылай алмады. Балама да, маған да тергеудің тоқтап қалғанын кеш айтты. Оған тіпті тергеу барысы баяндалмаған", – деді Алтаев.
Тергеуші Әділет Айдарбаев тергеу бейтарап өткенін мәлімдеді. Оның сөзінше, Сапархан Қауынбайдан алты ай ерте барған сарбаздардың әрекеті бойынша қозғалған іс №3660 әскери бөліміндегі әскери полицияға жолданған.
Еске салсақ, бұған дейін сарбаз әскерде әлімжеттік көргенін айтып шағымданған еді. Сөзінше, әскердегілер оның басынан ұрып, ішінен тепкен.