"Күмәнмен қараймын": Қалдыбек Құрманәлі әнұраннан Назарбаевтың атын сызып тастау керегін айтты
ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, сазгер Қалдыбек Құрманәлі еліміздің әнұранына автор болған экс президентті алып тастауды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Подкастан скриншот
Сазгер “Ашық подкаст” алаңына сұхбат беріп, Қасым-Жомарт Тоқаев астананың атын өзгерткенде, әнұранның мәселесі түк емес екенін айтты.
“Осыдан 70 жыл бұрын “Менің Қазақстаным” әні жазылды. Анығында 1956 жылы 25 қазанда дүниеге келді. Өлеңін жазған Жұмекен Нәжімеденов, небәрі 21 жаста болған. Шәмші Қалдыаяқов әнін жазған. Оның жасы 26 жаста болған. Кейін күллі мемлекет шырқайтын әнұранға айналды. Авторына Нұрсұлтан Назарбаевты қосып қойды. Бірақ Назарбаевтың өзі жазғанына күмәнмен қараймын. Басқа бір ақынға қолға салған сияқты. Бұл енді жеке ойым. Қазақтың жағымпаздығы қашан да өзімен бірге еріп жүреді. Қазақтың бәрінің өнерге таласы бар. Кімнің қолында билік бар, соған жалпақтаймыз. Алдына түсіп, барымызды береміз. Сол дұрыс емес. Маңайында жүргендер "Ой, сіздің өлеңіңіз күшті ғой, әнді жақсы айтасыз, даусыңыз керемет" деп өзіміз қолпаштайды, қолтығына су бүркиді. Анау соған сеніп қалады. Назарбаевқа да сөйтті деп ойлаймын. Әйтпесе Назарбаевқа сол әннің мәтінін жазғаннан абыройына абырой қосылған жоқ қой. Әлі күнге дейін сынап жатыр. Авторлар қатарынан сызып тастау керек”, – деген пікір айтты сазгер.
-
"3 келі шұжық жеп, 20 шақырым жаяу жүрдім": Қалдыбек Құрманәлі бір өлімнен аман қалғанын айтты
-
"Итіме ескерткіш қоя алмадым": Қалдыбек Құрманәлі ажалдан аман қалған сәтін есіне алды
Өнер қайраткерінің айтуынша, ол бір ғана президенттің қолынан келетін іс көрінеді.
“Назарбаевты авторлар қатарынан алып тастаса, ешкім оған реніш білдірмейтін секілді. Сосын түпнұсқадағы мәтінді қайтадан енгізсін. Онда тұрған не бар, түк те қиын емес. Бұрынғы сөзі керемет қой. Енді мұның бәрі қазіргі Президентке байланысты, мемлекеттік басында отырған депутаттарға байланысты. Халық айтудай-ақ айтып жатыр. Соған кірісу керек. Не қиындығы бар, Астананың атын бірнеше мәрте ауыстырғанда, әнұрандағы авторды сызып тастау түк те қиын емес тірлік. Бәлкім Президенттің бұған уақыты болмай жатқан шығар. Оған уақыты жоқ дейін десек, насыбайға тыйым салып жатыр. Күлкің келетін нәрсе. Насыбай ел басшысының деңгейіндегі әңгіме ме?!", – деді Қалдыбек Құрманәлі.
Айта кетейік, "Өнеге алатын адам емес" деп Қалдыбек Құрманәлі әріптесі Бекболат Тілеуханды сынаған еді.