Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның қуатты әскері түрлі қатерге сақадай сай тұруға тиіс – Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әскерінің осы уақытқа дейінгі жетістіктері туралы айтып, алдағы уақытта да дайындықты шыңдай түсу керегін еске салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысының айтуынша, геоосаяси тұрақсыздық белең алған қазіргі жағдайда мықты әрі дайындығы сақадай сай әскердің маңызы айтарлықтай арта түсті. 

“Біздің әскери қызметшілеріміз БҰҰ аясындағы түрлі бітімгерлік операцияларға қатысып, өздерінің кәсібилігі мен жоғары деңгейдегі жауынгерлік машығын көрсетіп келеді. Жуырда Қазақстан Голан жоталарындағы миссиясын дербес орындау жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының мандатына алғаш рет ие болды. Кейінгі жылдары әлем елдерінің әскери қуаты туралы рейтингтегі орнымыз едәуір жақсарды”, – дейді Тоқаев.

Президент қандай жағдай болмасын Қазақстан әскерінің дайындығы жоғары деңгейде болуы керек екенін ескертті.

“Бұл әскеріміздің дайындығы жоғары екенін әрі үйлесімді әрекет ететінін білдіреді. Қазақстан жер-жаһанға өзін бейбіт ел ретінде танытты. Біз барлық мемлекетпен достық қатынас орнаттық. Кез келген шиеленісті сындарлы диалог арқылы шешу керек деп есептейміз. Бірақ арқаны кеңге салып, қамсыз отыруға болмайды. Қуатты әскеріміз түрлі қатерге сақадай сай тұруға тиіс. Мықты әскер – елдіктің тірегі”, – деді мемлекет басшысы. 

Тоқаев Жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне әрқашан құрмет көрсетілетінін айтты.

Мемлекет басшысы ардагерлерге мерекеге орай жыл сайын қосымша төлемақы берілетінін, ал биыл оның көлемі үш миллион теңгеге дейін өскенін жеткізді. Президенттің бастамасымен биылдан бастап "Айбын" орденінің үш дәрежесі даңқты батырларымыз – Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың атымен аталады. Од ұлт перзенттерінің батылдығы мен батырлығы бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін үлгі-өнеге болатынын еске салды.

Бұған дейін Тоқаев бірқатар әскери қызметкерлер мен шенеуніктерге арнаулы атақ берді.

Талқылау