Ақтөбе жанындағы су қоймасында құстар жаппай қырылып жатыр
Ақтөбе қаласы жанындағы су қоймада құстар жаппай қырылып жатыр. Тұрғындар өлекселерді суретке түсіріп, әлеуметтік желіде таратқан соң ғана жауапты мекемелер әрекет ете бастады. Шағалалардың қырылуына не себеп болуы мүмкін? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан ұлттық арнасына сілтеп хабарлайды.

"Қаптап жатыр. Бір 7-8-ін көрдім осы жерден. Жатқан өлексе. Шағала. Неден боулы мүмкін? Қасымызда птицефабрика бар", - дейді қала тұрғыны Әділхан Нұғыманов.
Суқоймаға үнемі келетін балықшылар құстың жаппай қырылуын соңғы 1-2 апта көлемінде ғана байқадық дейді. Ал, жауапты мекеме өкілдері арнайы тек бүгін келіп, жағалауды аралап шықты. Айтуларынша, шағалалар соңғы аптадағы салқыннан немесе қоқыс полигонына азық іздеуге барып, уланып өлуі мүмкін.
"Шағала күндіз көбіне Ақтөбенің қоқыс полигонында жүреді, сол жақтан қоректенеді. Сосын кешке суқоймаға ұшып келеді. Сондықтан, бас кезінде не себеп болғаны белгісіз", - деді орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жетекші маманы Артур Қаңтарбаев.
Бұған дейін тұрғындар құстардың өліміне жақын маңдағы құс фабрикаларын кінәлаған еді. Олар суқоймаға зиянды химиялық қалдықтар төгілетінін айтқан. Дегенмен, мамандар бұл болжамды әзірге растамай отыр. Нақты себебі, судан және құс өлексесінен алынған сынамалар нәтижесінен соң ғана белгілі болады.
"Адамдар келсе айт, жылауға дайындалайық": Қазақстандықтар жаназа кезінде бастан кешірген жағымсыз жайттары туралы баяндады