"Қазір жымиғанын, бала болып ойнағанын сирек көресің": Қан обырына шалдыққан 5 жастағы балаға көмек керек
5 жастағы Көлбай Ералы Ғабитұлы - отбасындағы төрт баланың кенжесі. Анасының айтуынша, 3 жасында ұлы аяқасты өзін нашар сезінгендіктен тұмау жұқтырған деп ойлаған. Алайда жақындары баланың қауіпті дертке - қан обырына шалдыққанын кейін білген. Кішкентай баланың еміне бүгінде 113 мың доллар көлеміндегі қомақты қаражат керек. Және бұл тек жұлын сүйек майын транплантациялау үшін ғана керек қаражат. Stan.kz тілшісі Ералының жақындарымен сөйлесті.
45 жастағы Ғалия Алдияр ұлының қазір Түркияның Medipol ауруханасында ем алып жатқанын айтады.
"Бәрі тұмау сияқты басталды, 2019 жылдың желтоқсан айында тұрғылықты мекенжай бойынша емханаға жүгіндік. Оны тұмаудан емдеді. Қызуы 38, 39, 40 градустан түспеген соң дәрігерлер антибиотик жазып берді. Алайда олардың да көмегі болған жоқ. Қаңтар айында Ералыны шұғыл түрде №2 балалар ауруханасының гематология бөліміне ауыстырды. Біз ол жақта бір апта жатып, аурудың себебін анықтай алмадық. Тек жұлын ми сұйықтығын алған соң ғана "жедел лимфобластикалық лейкемия" деген диагноз қойылды. Өсіп келе жатқан жасушалар - бласттардың қандағы мөлшері 80 пайызды құраған (қалыпты жағдайда сүйек кемігіндегі бласттардың саны 5%-дан аспайды). Бізді шұғыл түрде Алматыдағы Педиатрия және хирургия ғылыми орталығына жіберді. Ауруханада Ералыны химиотерапияға дайындады, нәтижесінде 9 ай бойы ем қабылдадық", - дейді анасы.
Айтуынша, дерт біраз уақытқа кері шегініп, бес айдан соң Ералы өзін қайта нашар сезінген.
"Қыркүйекте ауру қайтқандай болды. Үйге оралдық, алайда бес ай өткен соң дерт қайта қайталанды. Ақпан айында Ералының қызуы қайта көтеріліп, бұлшық еттері ауыра бастады. Гематолог маманда есепте тұрған соң қайта сол жаққа бардық. Жұлын ми сұйықтығын алып, тексерген соң дәрігер ауру қайта оралғанын жатқанын жеткізді.
Педиатрия және хирургия ғылыми орталығында емделіп, екі рет химиотерапиядан өттік. Протокол бойынша, әрбір химия емі арасында бір ай демалыс болу керек. Алайда Ералыға бірінші рет жасалған химиотерапиядан ешқандай нәтиже болмаған, тіпті оның салдары байқала бастады: көзінен қан ағып, қызуы көтерілді. Екінші химиотерапиядан соң жағдайы сәл жақсарды. Осылайша наурыз айында туған күніне байланысты Ералыны үйге жіберді", - дейді анасы.
Екі жыл қатарынан туған күнін ауруханада өткізді, сөйтіп биыл үйде болсын деп ауруханадан шықтық, дейді Ғалия.
"20 наурызда үйге барып, 24 наурызда қайта ауруханаға жаттық, себебі аяғы, бұлшық еттері ауыра бастады. Дәрігер ауру асқынғанын айтты. Оған дейін Ералыға Түркияда жұлын ми сұйықтығын трансплантациялау мақсатында қор жинау үшін ақша жинау үшін парақша аштық. Ақырында химиотерапияны Алматыда қабылдайтын болды", - дейді ол.
Ералының туыс әпкесі Әйгерім қазір әке-шешесінің Ыстамбұлда ем алып жатқанын айтты. Қазіргі уақытта отбасыға баланы емдеу үшін 113 мың доллар қажет болып отыр.
"2021 жылдың наурызынан бастап ауру симптомдары пайда бола бастады. Дәрігерлер аурудың тұрақсыз қайталана бастағанын жеткізді. Осыдан кейін Ыстамбұлдағы Менбиполь аураханасымен ота жасауға келістік. Ол жақтағы профессор бізді қабылдайтынын айтты. Ал біз бастапқы уақытқа жинап берген қаражатқа Түркияға бара берейік деп шештік. 3,5 млн теңге жиналған еді, соны алып Ералының әке-шешесі Ыстамбұлға ұшып кетті. Сонда жүргендеріне бірнеше күн болды", - дейді ол.
Айтуынша, дәрігерлер еш уәде бермеген. Олар қазір бұл инфекция ма, аурудың асқынуы ма соны анықтамақ.
"Асқыну болса химиотерапия жасайды, оның мөлшері көбейеді. Диагностика, жұлын ми сұйықтығын трансплантациялауға 113 мың доллар қажет болып отыр. Егер одан бөлек химиотерапия жасайтын болса, әрбір химияға 16 мың доллар керек. Сондықтан бізге қомақты қаражатты жедел түрде жинап беру керек. Осы аптаның соңына қарай кем дегенде 20-30 мың доллар беруіміз керек", - дейді отбасы туысы.
5 жасар Ералы белсенді, көңіл-күйі көтеріңкі, өмірге құштар, дейді Әйгерім.
"Отбасында төрт бала, үйдің кенжесі болғандықтан ата-анасы оны еркелетіп өсірді. Кішкене жасынан зерек болып өсті. Отбасына жақын адам ретінде әрдайым жандарынан табылуға тырыстым. Анасы оны сегіз айында босанды және қиналып туды. Біраз уақыт ауруханада жатып шықты. Тәп-тәуір өсіп келе жатқан. Үш жасында адамдармен үлкен кісілерше сөйлесетін. Далада серуендегенді ұнататын, аулада достары көп еді. Тіпті ұнататын қызы бар, ол Зейнеп есімді көршінің қызы. Өмірге құрған жоспарлары бар. Сүйікті көлігі - Гелендваген (G-Wagen). Ол әрдайым осы көлікте әкеммен отырып айдаймыз деп армандап отыратын. Ағасының, әкесінің жанында жүріп, құралдарын ұстап велосипедін жасап, жөндеп жүретін.
Өте мейрімді, бауырмал бала. Әрине, ауырған соң қатты қиналады, десе де өзін байсалды, мықты ұстайды. Кез-келген бала Ералының басынан өткендеріне шыдай алмас еді. Ауру оны бара-бара алқымынан алды. Қазір оның жымиғанын, ойнағанын өте сирек көресің. Көбіне жатады, ұйықтайды. Ұйықтап жатып оянып кетсе, аяғы ауырады. Үйінде қалған бауырларын, ағаларын сұрап отырады", - дейді ол.
Ералыға көмектесем деушілерге:
Реквизиттері:
Kaspi Gold 5169 4971 2702 5736 Aldiyar Galiya
Halyk Bank
KZT: KZ156010002020385023
USD: KZ856010002020385024
RUB: KZ586010002020385025
Aldiyar Madi