"Көзі қысық", "аузы қисық": "Русское радио" жүргізушілері азиаттық көз пішінін келемеждеп, тыңдармандардың ашуына тиді
Белгілі Русское радиосындағы "Русские перцы" бағдарламасының жүргізушілері 21 маусымдағы бағдарламада көздің азиялық пішіні туралы әзіл айтып, тыңдармандардың шамына тиді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аsiansofrussia сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Аsiansofrussia
"Бір тыңдарманымыздан әзіл келіп түсті. Ол бала кезінде "көзі қысық" және "аузы қисық" деген сөздерді естігенде, барлық нәресте көзсіз және ауызсыз туады, оны дәрігерлер кеседі деп ойлапты. Сол кезде "қазақтардың көзін неге сонша қысық қылып кеседі екен" деп ойланатын көрінеді. Өзі де Қазақстанда дүниеге келген", – дейді бағдарлама жүргізушілері Антон Юрьев, Дмитрий Морозов және Полина Жукова.
Бұдан қалды Ресей радиосының әзілкештері тыңдарманның пікіріне одан да теріс нәсілшіл коннотация қосып үлгерді.
"Оның түсінігінде бұл бюджетке де байланысты шығар? Көзінің қиығына ақша жетпеді, енді не істеуі керек еді?" – деп жауап берді радио жүргізушілері.
Радио жүргізушілері бұдан басқа "Құдай басқа адамдарды қаншалықты жаратуға тырысқанымен, кезек Кореяға келгенде шаршап қалған шығар" деп пікір айтты.
Фото: Аsiansofrussia
Әлеуметтік желілердегі наразылыққа қарамастан, "Русское радио" тарапынан ешқандай жауап берілмеді. Айта кетейік, "Русские перцы" жүргізушілері расистік жанжалға бірінші рет тап болып жатқан жоқ. 2017 жылы олар Сахалиндегі корей халқынан қорлайтын пікірлері үшін кешірім сұраған еді. Одан кейін жүргізушілер Оңтүстік Кореяның конституциялық сотының судьясы жұмысына бигуди тағып келгенін айтып қалды.
Еске салайық, бұған дейін “Қазақ әндері” радио форматына сәйкес келмейтінін айтып, сынның астында қалған "Бизнес FM" радиостанциясының бас директоры Рүстем Мақсұтов өз сөздеріне түсінік бергенін жазған едік. Ол cондай-ақ айтқан сөздері үшін көпшіліктен кешірім сұрады.