Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қоймадағы жүк барлық ауылға бірдей бөлінбеген": Гүлзира Айдарбекова су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек жетпегенін айтып, дабыл қақты

Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге әріптестерімен барды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/gulziraaidarbekova/

Бір топ өнер иелері Атырау өңірінде халықпен бірге болып, көмектесіп жатыр. Продюсер жеке парақшасында өңірдің жай-күйін баяндап, есеп берді. 

“Санаулы күндерде қалған жерлерді су алып кету қаупі бар екен. Атырау өңірінің айналасы ауыл-аймақ бәрі дайындалып жатыр. Үйге қайта ораламыз ба жоқ па деген уайымымыз да болды. Бірақ халыққа үндеу жасап, 15 сәуір сіздермен ақылдаса отырып, жиналған ақшамызға керек заттарды алып келдік. Тұрғындарды өз көзімізбен көріп, қолдан келген көмегімізді беріп кетеміз деп, уәде берген едік. Не де болса "Көппен көрген ұлы той" деп жолға шығып кеттік. Әдейілеп шеттегі ауылдарға да арнайы соға кеттік. Ешқандай көмек берілмегендіктен, тұрғындар өздері іске кіріскен. Ауыл адамдары жиналып ортаға киізүй тігіп ортақ ас ішіп, күн-түн демей топырақ толы қапшықпен айналаны қоршап жатыр. Арасында оқушылар да жүр”, – деп баяндап берді өнер өкілі.



Продюсердің айтуынша, халыққа көмек бірдей берілмей жатқан көрінеді. Жиналған ақшаны ауыл тұрғындарына көзінше қолына ұстатқанды жөн көреді. 

“Құрметті оқырман! Менің түсінгенім, ауыл-ауылды жинап, көздерінше ақшалай берген дұрыс екен. Керосинге дейін өздері сатып алып, тракторлар жалдап, қапшық, күрек жетпей қиналып жатыр. Болжам бойынша, 19 сәуірден бастап су алып кететін көрінеді. Тіптен көшейін десе жер жоқ, көшіңдер дегенмен, көшіріп жатқан ешкім жоқ. Ақшалары жоқ, сайдағы кішкентай ғана ауылдардың тұрғындарында ес жоқ. Ол жерлер толық суға кететініне көздері жетіп отыр. Телефондарын алып алдым, көмек қолын созамын деушілер болса тікелей хабарласып, көздеріңізбен көре аласыздар. Қоймаға жеткізілген қаншама дүниелерден бір жүк көлік те келмеген, бұл жақтарға бөлінбеген. Біз қай өңір не сұрады, қолымыздан келгенше резеңке етіктен бастап, шұлық, ішкиімдерге дейін, тіптен фонариктер, суға киетін киімдерге дейін алып келдік. Барған жерлерімізге дастархан жайып, ас беруге де қаржылай ақша бөлдік. Алла берекесін берсін! Ал жылжымалы үйлерді Атырау, Ақтөбе, Орал, Ақтөбенің Ойыл ауданына түгел жеткіземіз деп сатып алдық. Енді жүк көліктерін барлық аймаққа іздеп жатырмыз", – деп жазды продюсер. 

Еске салайық, эстрада жұлдыздары су тасқынынан зардап шеккендерге қаржылай көмектескенін жазған едік. 

Талқылау