Костенко шахтасында қаза болған соңғы кеншінің дене бөлшектері табылды
Костенко шахтасындағы апаттан қаза болғандардың барлығы табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің соңғысының денесі 31 қазанда табылғанын мәлімдеді.
“45 кеншінің мәйіті және 46-адамның дене бөлшектері табылды”, – деді ол.
Қазіргі уақытта 40 кеншінің аты-жөні анықталған. 6 адамдікі әлі анықталмады.
Естеріңізге сала кетейік, 28 қазанда Костенко шахтасында метан газы жарылған. Соққы толқынының таралу диапазоны 2 км-ден асқан. Апат кезінде жер астында 252 шахтер болған деп айтылады. 206-сы өз бетімен жер үстіне шыққан. Қалғандары сыртқа шыға алмай қалған.
Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа көмір оятын орыннан өрттің шығуы себеп болған.
29 қазан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бүкіл елде жалау түсіріліп, барлық ойын-сауықтар тоқтатылды.
Апаттан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үкіметіне "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-мен ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Қарағанды облысында кеншілердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Үкімет "АрселорМиттал Теміртау" АҚ меншігін Қазақстанның пайдасына беру жөніндегі мәміле қазірдің өзінде аяқталып жатқанын мәлімдеген.
Айта кетейік, бұған дейін егер Лакшми Миттал кінәлі деп танылса, құқық қорғау органдары оны жауапқа тартуға құқылы екені айтылған.
Қазақстанда Лакшми Митталды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап ететін петицияға қол жинау басталды.