Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

37 мыңнан басталады: Костенко шахтасында қаза болған кеншілердің отбасына әлеуметтік төлем тағайындалды

Қарағанды ​​облысында қаза болған кеншілердің отбасына әлеуметтік төлем тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2 қарашадағы жағдай бойынша, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры Костенко шахтасында өрт салдарынан қаза тапқан шахтерлердің балаларына жәрдемақы мен төлемдер тағайындады.

Қаза болған 46 кеншінің 21-інің артында асырауы керек балалары болғандықтан келесі әлеуметтік қолдау түрлерін алуға құқығы бар.

1. Республикалық бюджет қаражаты есебiнен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы. Бұл жәрдемақының мөлшері қайтыс болған адамның асырауындағылардың санына байланысты анықталады және олардың ай сайынғы мөлшері 37 322 теңгеден (бірінші балаға) 111 560 теңгеге (бес балаға) дейін болады. Жәрдемақы сегіз жасқа дейінгі баласын асырап отырған жұмыссыз аналарға да беріледі.

2. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем. Бұл төлемнің мөлшері қайтыс болған адамның табысына және оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу мерзіміне қарай анықталады. Төлемдер айына 56 мың теңгеден 272 мың теңгеге дейінгі аралықта болады. 

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін төлемдер балалар 18 жасқа толғанға дейін, ал жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқыған жағдайда 23 жасқа толғанға дейін төленеді.

Оқыс оқиға болған күні, 28 қазанда Қарағанды ​​облысының әкімдігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ қайтыс болған қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің тізімдерін жасады.

Үкіметтің баспасөз қызметі Тоқаевтың тапсырмасы бойынша оларға жан-жақты көмек көрсетілетінін хабарлады:

  • компания қаражаты есебінен отбасылар үшін тұрғын үй сатып алып-беру;
  • 10 жылдық жалақы мөлшерінде моральдық біржолғы моральдық өтемақы төлеу;
  • 18 жасқа дейін (23 жасқа дейін – жоғары оқу орнында оқу кезінде) асырауындағы адамдарға ай сайынғы сақтандыру төлемі;
  • жалақысына қарай мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ай сайынғы төлем;
  • асырауындағы адамдардың санына қарай асыраушысынан айырылу бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
  • жұмыс берушінің қаражаты есебінен отбасының несиесін өтеу;
  • жерлеуге байланысты барлық шығындарды жабу;
  • балалар мен жұбайларын жұмысқа орналастыру;
  • 23 жасқа дейінгі балалардың оқуы үшін төлем жасау;
  • ерлі-зайыптылар мен балаларға санаториялық-курорттық емдеуге жолдамалар беру;
  • пешпен жылытылатын үйлерде тұратын отбасыларға жыл сайын көмір бөлу.

Айта кетейік, 28 қазан күні Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтада жарылыс болып, 46 кенші қаза тапқан еді. 

Талқылау