Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Одан кешірім сұрамаймын": Қостанайлық әйел "қол жүгіртті" деп айыптаған такси жүргізушісі үндеу жасады

Әйел такси жүргізушісін қол жүгіртті деп, полиция шақырған, алайда ер адам жала жапқан әйелдің үстінен сотқа шағымданбайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Фото: кадрдан скрин

Такси жүргізушісінің айтуынша, ол бұл видеоның таралып кеткенін қаламаған. 

“Бұл – екеуміздің арамыздағы мәселе. Бұған бола оның туыстары буллингке ұшырамауы керек. Оқиға 24 желтоқсанда болды. Видеоның тарап кеткенін қалаған жоқпын. Тек таныстарыма жіберіп едім, олардың біреуі желіге салып жіберген. Ешкімге ренішім жоқ. Кешірім де сұрамаймын. Себебі ол әйел оған лайық емес. Айтарым – кез келген жағдайға дайын болып жүріңіздер. Менің арым таза”, – деді ол. 

Айта кетейік, 2023 жылғы 24 желтоқсанда Қостанайда әйелдің “таксиде жүргізуші зорлық көрсетіп жатыр” деп шу шығарған видеосы тараған еді.

2023 жылдың 24 желтоқсанында Қостанай полициясына тұрғын хабарласып, такси жүргізушісі екеуі арасында жанжал туғанын хабарлаған. Қыз жанжалдасып қалып, полицияға хабарласқан. Такси жүргізушісі қыздың нақты тұрған жеріне емес, мобильді қосымшада көрсетілген мекенжайға келгендіктен қыз ашуланған. Сөйтіп жүргізушіге “қол жүгіртті” деп жала жапқан.

Алайда полицияның мәліметінше, әйелдің жазықсыз жүргізушіге жала жауып жатқаны әшкере болған.

Ол құзырлы органға жалған мәлімет бергені үшін жауапқа тартылып, 30 АЕК көлемінде айыппұл арқалады. Айыппұл сомасы – 110 760 теңге.

Талқылау