Қостанайдағы жарылыстан 3 адам қаза тапты
Қостанайда төтенше жағдай орнында іздестіру жұмыстары аяқталды. Қаза тапқан үш адамның денесі шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қостанайдағы Амангелді тұрғын алабында құтқару жұмыстары аяқталып,12 адам құтқарылды. Үш адамды құтқару мүмкін болмады.
Зардап шеккен төрт адам облыстық ауруханаға жеткізілді. Алтауы қалалық ауруханаға жіберілген. Бір адам медициналық көмекке өз бетінше жүгінсе, біреуі ауруханаға жатқызудан бас тартты.
"Барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық қызметтердің толық спектрі көрсетілген. Алдын ала болжам бойынша 7 жеңіл автокөлік пен 5 ауыр жүк техникасы, сондай-ақ жақын маңдағы 12 жеке тұрғын үй құрылысы зақымданған.
Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Өртті сөндіру және іздестіру-құтқару жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметінің 263 қызметкері мен 61 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ "ДОС" және "Қызыл жарты ай", "10-аймақ" ерікті топтары тартылды”, – делінген жедел штаб хабарласында.
Еске салсақ, бұған дейін 11 желтоқсан күні сағат 12:36-да Қостанайдағы Амангелді тұрғын алабында жарылыс болғаны туралы жазған болатынбыз. Жарылыстан соң үйінді астында қалған екі адам құтқарылып, бір адамның денесі шығарылғаны туралы ақпарат пайда болды. Алайда ТЖД үйінді астынан бір адамның мәйіті табылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын.