Қостанайдағы жарылыс: Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты
Қостанай қалалық ауруханасының бас дәрігері қалада болған жарылыстан зардап шеккендердің қазіргі жағдайлары туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қостанай қалалық ауруханасының бас дәрігері Владимир Шатерников зардап шеккендердің барлығы ауруханаларға жеткізілгенін және қазіргі уақытта барлық қажетті тексерулер жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Ауруханаға 4 пациент жатқызылды. Үшеуінің жағдайы тұрақты. Оң динамика бар, жағдайлары жақсарып келеді. Ауыр жағдайда түскен науқас бүгін есін жиды. Өкпені жасанды жеделдету аппаратынан ажыратылды. Сөйлейді, есін біледі. Жалпы барлығында оң динамика байқалады. Үш науқасқа еш қауіп төніп тұрған жоқ. Ал жансақтау бөлімінде жатқан адамның жағдайына қатысты қауіп-қатер бар”, - деді Шатерников.
Бас дәрігердің айтуынша науқастардың басым бөлігінің қол-аяғы, жамбасы сынған. Ауруханада жатқан науқастардың дені 30 жастан асқан азаматтар.
Сондай-ақ, жедел-жәрдем қызметі Қостанай қалалық ауруханасына жатқызылған 7 науқастың қазіргі жағдайын айтты.
“Олардың жарақат ауырлығы – орташа. Қазіргі таңда, барлық қажетті шаралар кешені қабылдануда. Қабылданған науқастарды ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ, бірақ толық тексеру үшін үш адам бірнеше күн бойы стационарлық емделуге қалдырылады, ал тағы үшеуі амбулаториялық-емханалық бақылауда болады", - деп хабарлады жедел жәрдемнің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бұған дейін 11 желтоқсан күні сағат 12:36-да Қостанайдағы Амангелді тұрғын алабында жарылыс болғаны туралы жазған болатынбыз. Өкінішке қарай қираған үйінді астынан үш адамның денесі табылды.