Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда "Жас шаңырақ" тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды

Қостанай қаласында жастарға арналған "Жас Шаңырақ" бағдарлама іске қосылады. Аталмыш бағдарлама 35 жасқа дейінгі жас отбасыларға қолжетімді шарттармен жеке баспана алуға мүмкіндік бермек. 

Игі бастаманы жүзеге асыру үшін облыстық әкімдік пен Отбасы банк жалпы сомасы 700 млн теңге бөліп отыр. Тобыл өңірінің жастарын қолдау мақсатындағы "Жас шаңырақ" бағдарламасын бірлесе жүзеге асыру үшін бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова екі жақты меморандумға қол қойды.

""Жас шаңырақ" бағдарламасына 35 жасқа дейінгі Қостанай қаласының тұрғындары қатыса алады. Өтініштер мемлекеттік немесе бюджеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, әлеуметтік салада, коммуналдық қызметтерде жұмыс істейтін азаматтардан қабылданады.
Бағдарламаға сұраныс артып жатса, келесі жылдан бастап облыстың өзге Рудный, Арқалық, Лисаков, Жітіқара сияқты қалаларының жастарында да баспаналы болу мүмкіндіктерін қарастырамыз", – дейді облыс басшысы Архимед Мұхамбетов.

Тұрғын үй бағдарламасына қатысуға ниет білдірген жастарға қойылатын талаптарға тоқтала кетсек. Жас отбасылардың бағдарламаға өтініш берген кездегі жұмыс тәжірибесі 1 жылдан кем болмауы керек. Бұған қоса соңғы жарты жыл ішінде отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табыс көлемі 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Сондай-ақ бағдарламаға қатысып жатқан отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жыл ішінде ешқандай жылжымайтын мүлік болмауы шарт.

"Бұл Отбасы банкінің жастарға арналған алғашқы тұрғын үй бағдарламасы емес. Атап айтар болсам, осыдан 5 жыл бұрын Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, «Алматы жастары» бағдарламасын жүзеге асыра бастадық. Кейін оған Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қосылды. Биыл бұл бастаманы Қарағанды, Тараз және Қостанай облыстары  қолдап отыр. 

Жалпы осы уақытқа дейін жастардың жеңілдетілген шарттармен жеке баспаналы болуына әкімдіктер мен Отбасы банк тарапынан 58 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Осылайша, отбасын құрып, шаңырақ көтерген жас отбасылардың жергілікті жерлерде баспана мәселесін шешуге аталмыш бағдарламалар өз көмегін тигізуде. Бұл –  жастар үшін үлкен қолдау. Себебі жеке баспана  –  болашаққа деген сенім, отбасын құруға, кәсіби өсуге ықпал етеді", – дейді "Отбасы Банк" АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. 

Қостанайлықтар "Жас шаңырақ" бағдарламасына өтініштерді шамамен қыркүйек айынан бастап тапсыра алады. Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін, арнайы комиссия әрбір отбасының жинаған ұпайлары бойынша бағдарламаға қатысушыларды іріктейді. Ұпай есептегенде некеде тұру жылдарының саны, балаларының болуы, жұмыс тәжірибесі, кәсіби және әлеуметтік тұрмысына мән беріледі. Іріктеуден өткендер Отбасы банкінде төлем қабілеттілігін растап, сатып алатын баспаналарын өздері таңдауы керек. Пәтерді жаңадан салып жатқан немесе екінші нарықтағы үйлерден сатып алуға болады.

Отбасы банк баспана алуға беретін несиенің ең жоғарғы сомасын 15 млн теңге деп белгілеген. Ал жылжымайтын мүлік құны бұл сомадан асып кетсе, оны қатысушы өз қаражатынан төлей алады. Бастапқы жарна 10%, несие мөлшерлемесі – 5% (ЖТСМ 5,2%-дан бастап) тең. Ипотекалық заем 19 жылға дейін беріледі. 

Талқылау