Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанай облысындағы дала өртін бүгін-ертең толық сөндіреміз – Министр

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанай облысындағы өртпен күрес барысынан мәлімет берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Жел көтеріліп, өрт одан сайын өршіп кетті. Елдімекен тұрғындары эвакуацияланды. Дәл қазір ауылдарға қауіп жоқ. Тілсіз жаумен күресте жер және әуе қызметі қоса жұмыс істеп жатыр. Төрт бірдей тікұшақ іске қосылды", - деді Юрий Ильин тілшілердің сұрағына жауап бере тұрып. 

Министрдің айтуынша, Қостанай облысындағы өртпен күресте бірнеше құзырлы мемлекеттік орган жұмыла жұмыс істеп жатыр.

"Өрттің аумағы бірнеше ондаған гектарды құрайды. Қарқынды жұмыстың арқасында тілсіз жаудың бетін қайтарамыз деген ойдамын. Аманқарағай елдімекені ерекше назарда, өрттің қайта тұтанбауын арнайы қызмет қадағалап отыр. Себебі желдің беті қайтпай тұр. Бүгін, ертең өртті толық сөндіреміз деп отырмыз. Одан әрі орман шаруашылығы комитетінің қызметкерлері жағдайды бақылайды", - дейді ол.

Жақын арада жергілікті орман шаруашылығы басқармасы өрттің салдарын есептеуге кіріседі. Алдын ала мәліметке сәйкес, Қостанай облысында 43 мың гектар жер жанып кетті.

"Бірақ соның ішінде орман қоры ғана емес, егістік, жайылым, жалпы, халық пайдаланатын жерлер де бар. Ал жанып кеткен орман қорын бөлек есептейді. Сол кезде шығынның нақты көлемі анықталады", - деді Ильин журналистерге берген сұхбатында.

Еске салсақ, Қостанай облысында 2 қыркүйектен бастап өртпен күрес жүріп жатыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккендермен кездескен еді.

Талқылау