Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Еш себепсіз шешініп тастаған": Қостанайда көшеде жалаңаш жүрген ер адам жазаланды

Қостанай тұрғыны қоғамдық тәртіпті бұзып, көшеде жалаңаш жүргені үшін жазаға тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Видеодан скрин

Қостанайдың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты жас жігітке қатысты "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша қозғалған істі қарады.

Соттың мәліметінше, 8 ақпанға қараған түні жас жігіттің жол бойымен жалаңаш күйде жүгіріп бара жатқан сәті видеоға түсіп қалған.

"Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылы 8 ақпанда сағат 00:00 шамасында азамат Г Қостанай қаласындағы Станционная көшесінде қоғамдық орында жалаңаш жүрген. Сот отырысында Г өз кінәсін мойындап, сол күні ата-анасының үйіне жаяу бара жатқанын түсіндірді. Жол бойында еш себепсіз киімдерін лақтырып тастағанын, ішімдік ішпегенін айтты. Өз әрекетінің себебін түсіндіре алмады, ештеңе есінде жоқ екенін және ешкімге шағымы жоқ екенін жеткізді. Жасаған ісіне өкініш білдірді", – делінген сот хабарламасында. 

Сот жас жігітті "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша кінәлі деп танып, 20 АЕК (78 640 теңге) мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындады.

Талқылау