Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар 30 миллиардтай артық төлеген: Медициналық сақтандыру жүйесінде заң бұзушылықтар анықталды

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ және оның өңірлік филиалдарының 2022-2023 жылдарға арналған мемлекеттік аудит қорытындысы қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Elements.envato.com

Мемлекеттік аудит қорытындылары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғары аудиторлық палатасының отырысында қаралды.  

Жалпы аудит қорытындысы бойынша:

  • Құны 32 млрд теңгеден асатын бұзушылықтар;
  • 31,1 млрд теңгеге қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану анықталды. 

Қаржылай шығындар мен өткізіп алған пайда сомасы 11,8 миллион теңге болды. Сондай-ақ 65 рәсімдік бұзушылық, 154 өзге де бұзушылық және жүйелік кемшілік анықталды.

Медициналық қызметке екі есе ақы төлеу және тіркеу фактілері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілген. 

Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Расул Рахимовтың айтуынша, осы салаға жүргізілген екінші аудит 3,8 триллион теңге қаражат пен активтерді қамтыды. Тексеру шаралары 13 ұйымға қатысты жүргізілді.

Қазір міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 16,2 миллион адам кіреді. Оның ішінде 12 миллион адам жарналарын мемлекет төлейтін жеңілдік санатына жатады. Оған қоса 2 миллионға жуық мемлекеттік қызметкер, бюджеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері. Нәтижесінде жеке шығыстарды есептемегенде мемлекетке түсетін қаржы жүктемесі кем дегенде 76% болады. Осыған байланысты аудиттің негізгі қорытындыларына сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеніне қарамастан, азаматтардың ортақ жауапкершілігі есебінен мемлекетке түсетін жүктеме әлі де төмендеген жоқ.

Сондай-ақ Ұлттық қор қаражаты игерілмеген. Аудит жүргізілетін кезеңде кепілдендірілген және нысаналы трансферттер шеңберінде 50 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда 13 миллиард теңге немесе 26%-ы игерілмеген.

Ұлттық қор медициналық қызметтердің сапасын жөнді бақыламайды. Мәселен, Астана бойынша МӘМС шеңберінде екі ірі қызмет көрсетушіге тексеріс жүргізілді. Оларға 179 мың адам тіркелген. Нәтижесінде олардың жеке орындары мен медициналық жабдықтарының жоқтығы, оларды сағатына жалға алатыны анықталды. Бұл қызмет көрсетуші ЖШС-лардың азаматтарды қабылдауға арналған арнайы пандустары жоқ.

Сонымен қатар аудит барысында бірлесіп қызмет көрсетушілер тарапынан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен және азаматтардың өз есебінен медициналық қызметтерге қосарланған ақы төлеу фактілері анықталды. Сонымен стационарлық көмек бойынша кем дегенде 1,7 миллиард теңгеге, амбулаториялық көмек бойынша 27,6 миллиард теңгеге қосарланған төлем фактілері анықталды. Қор тарапынан бұл бағытта мониторинг жүргізілмейді.

Стоматологиялық клиникалардың қызметтеріне Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қосарланған төлем жасалуы жеке бұзушылық ретінде анықталды. Медициналық сақтандыру тарифіне анестезияның құны енгізіліп қойған, бірақ стоматологиялар ол үшін қордан жалпы сомасы 2,1 миллиард теңгеге қосымша ақы алған.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің ақпараттық жүйелерінің деректерін салыстыру нәтижесінде шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға дәрі-дәрмектерді ресімдеу фактілері анықталды.

Отырыс барысында Әлихан Смайылов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бюджет қаражатының мақсатқа сай пайдаланылуына сапалы бақылауды қамтамасыз етуге міндетті екенін айтты. 

"Мұны қолмен емес, автоматтандырылған түрде жасау керек. Қордың тәуекелдерді басқарудың өзіндік жүйесі болуға тиіс. Оның негізінде көрсетілетін қызметтердің сапасына, өндірістік базаның, жабдықтардың, тиісті медициналық лицензиялар мен рұқсаттардың болуына мониторинг жүргізу қажет", — деді ол.

Мемлекеттік аудит барысында сонымен қатар биыл наурыз айындағы жағдай бойынша Қазақстандағы 109 медициналық ұйымның 19 миллиард теңгеге мерзімі өткен кредиторлық берешегі бар екенін анықтады. 

Талқылау