Коронавирустың тағы бір белгісі аталды
Көздің сілемейлі қабығының қабынуы (конъюнктивит) коронавирустың бір белгісі болуы мүмкін екендігі айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мұндай тоқтамға америкалық офтальмология академиясы келіп отыр.
АҚШ ғалымдары өз зерттеулерінде қытайлық дәрігерлердің мәліметіне сүйеніпті. Яғни, ол бойынша Қытайда коронавирусқа шалдыққан әрбір 30-шы науқас аталмыш көз ауруына шалдыққан екен. Жалпы алғанда мыңнан астам науқастың конъюнктивитпен ауырғаны белгілі болыпты.
Десек те конъюнктивиттен бөлек індетті жұқтырған адамның бойында ол коронавирус жұқтырды деп кесіп айту үшін басқа да аурудың белгілері болуы керек дейді мамандар. Мысал ретінде ғалымдар жөтел, демікпе және қалтырау сынды симптомдарды атады.
"COVID-19 пандемиясына қатысты офтальмолог мамандар шұғыл жағдайлар болмаса, қызметтерін тоқтатулары қажет", - дейді америкалық сарапшылар.
Еске салайық, коронавирус ауруының жиі кездесетін белгілеріне жөтел, дене қызуының көтерілуі, әлсіреу кіретіні айтылған еді. Мұнымен бірге дәм мен иіс сезудің жоғалуы да ауру жұқтырудың алғашқы симтомы болуы мүмкін.