Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Коронавирусқа қарсы иммунитетті қалай көтеруге болады - ғалым жауап берді

Астана медицина университеті профилактикалық медицина және нутрициология кафедрасының доценті Роза Сүлейменова коронавирус инфекциясына қарсы иммунитетті көтеру үшін қандай шаралар қабылдау керектігін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Иммунитетті көтеру тақырыбына тоқталсақ, ақуызы көп тағамдарға мән беру керек. Оларға тауық, жылқы еті мен балық жатады. Осылардың сорпасының құрамында ақуыздар көп. Сол себепті бұл тағамдарды міндетті түрде ескерген маңызды", - дейді Сүлейменова.

Сондай-ақ жаңғақтарды жиі жеу керектігін айтты.

"Иммунитетті көтеру үшін 30-40 пайызын ақуыздан құрасақ, енді қалған 50-60 пайызын көкөністер мен жеміс-жидектер арқылы қамтыған дұрыс болады. Жаз айларында алма, алмұрт, банан, құлпынай, қарақат, таңқурай, итмұрынды көбірек алған жөн. Бұлар табиғи өнім болғандықтан, С витаминінің көзі", - деді ол.

Роза Сүлейменованың айтуынша, адамның жақсы көңіл-күйі иммунитетті көтеруге ерекше әсер етеді.

"Егер көңіл-күйіміз жақсы болып, жігерленіп жүрсек, иммунитет те жақсы көтеріледі. Сары уайымға салынып жүрсе, иммунитет те әлсірейді. Сондықтан үнемі позитивті болу керек", - дейді эпидемиолог.

Сонымен қатар ол профилактикалық шараларға да тоқтала кетті.

"Көбіне дүкен мен дәріханаға барамыз. Бұл нысандардың кассаларында кей жағдайда кезек болып жатады. Осы орайда ара қашықтықты сақтауға мән берген дұрыс. Үйден шыққанда медициналық масканы тағып, арнайы қолғап киіп, қолға антисептик алу қажет. Үйге кірген бойда қолымызды сабынмен жуамыз. Бөлмені күніне кеміне 3-4 рет желдеткен абзал, сондай-ақ ылғалды тазалық шараларын жүргізуге керек", - деді Роза Сулейменова.

Бұған дейін, қазақстандық сарапшы коронавирусты емдеу үшін қымыз ішіп, жылқы етін жеуді ұсынған еді.

Талқылау