Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қорқып кеттім: Қайрат Әділгерей “Түнгі студия” бағдарламасына қалай шақырту алғанын айтты

Жуырда ғана Ұлттық арнадағы жұмысын тоқтатып, «Түнгі студия» бағдарламасынан кеткенін мәлімдеген Нұрлан Қоянбаевтың шешімін Қазнет қызу талқыға салған еді. Бүгін аталмыш шоудың жаңа жүргізушісі ретінде Қайрат Әділгерейдің таңдалғанын ресми түрде хабарлады. Ал, Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген әзілкеш, жаңа жұмысына қатысты тың ақпараттармен бөлісті.

 Қайрат, ассалаумағалейкум! Жаңа жобаңыз жемісті болсын. «Түнгі студия» бағдарламасын тізгіндеу сізге бұйырыпты. Ұсыныс қашан түсті? Бірден қабыл алдыңыз ба? Әлде бастапқыда бас тартыңыз ба?

–  Уағалейкумассалам! Рахмет! Ерлан Қарин мырзаның шақыртуымен осы жылдың 11-ші қаңтарында ұсыныс түсті. «Түнгі студия» бағдарламасын жүргізуге сізді ұсынып отырмыз» – деді. Мен басында әрине түсінбей қалдым. Қорқып кеттім, шошып кеттім. Өйткені 5 жылдан бері келе жатқан халықтың сүйікті бағдарламасы. Елге танымал продюсер, актер Нұрлан Қоянбаевтың орнын басу қаншалықты қиын екенін де түсінемін. Бірақ артқан сенімді барынша ақтауға тырысамын деп шешімді қабылдадым. Ол кісілер мені қолдайтындарын айтты. Мен келістім.

 – Қазіргі таңда Нұрлан Қоянбаевпен қарым-қатынасыңыз қалай? Сізді жаңа жұмысыңызбен құттықтады ма?!  

– Ерлан Қарин мырза алғашқыда «Түнгі студия» бағдарламасына кім лайықты? Өзің ұсыныс жасай аласың» – деп Нұрланнан сұраған екен. Сол кезде Қоянбаев: «Қайратты ұсына аламын, өйткені біз «Сенбілік шоуды» бірге жүргізген кезде жақсы тандем болған. Жақсы үйлесімділік, бір-бірімізді жақсы түсіндік» – деген екен. Содан кейін ұсыныс түскен сәтте Нұрланға қоңырау шалдым. «Осылай-осылай сіздің орныңызға келгелі жатырмын» -деп. Ол кісімен кездесіп, тілдестік. «Ештеңеден қорықпа, «Сенбілік шоу» бағдарламасында сіздің жұмыс істеу стилистикаңыз маған ұнады. Уақыт керек, әлеуметтік желіде түрлі сындар айтылады. Оның барлығына мән берме. Қолыңнан не келеді, соның барлығын жасай бер» – деп Қоянбаев маған ақ батасын берді.

– Соңғы эфирді Нұрлан мен Қайрат қатар жүргізіп, Қоянбаев сізге эстафетаны табыстаса өте жақсы үйлесімділік болатын еді. Білуімше мұндай идея сіздің де ойыңызда болған. Бірақ жүзеге аспаған сияқты…

– Бастапқыда телеарна басшылығына ұсыныс жасағанмын. Нұрлан Қоянбаев соңғы бағдарламаға мені шақырып, сұхбаттассақ. Кейін 15 минут өткен соң өзінің орнына мені отырғызса деген идея болған. Өйткені маған да, халыққа да оңай болатын еді. Бірақ ол нәрсе қолға алынбады. Баяғыда Владислав Листьев «Поле чудес» бағдарламасын жүргізіп, кейін Леонид Якубович келіп алмастырғанда, екеуі үш бағдарламаны бірге жүргізген болатын. Бүгінгі таңда «Поле чудес» жобасы халықтың сүйікті шоуына айналды. Қазір халық Листьевті ұмытып қалды. Есесіне ел Якубович үшін көреді.

– Бағдарламаның алғашқы атауы «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» еді, жаңа маусымда «Түнгі студия» деп аталады екен. Жалпы, бұл бағдарламаға өзіңіздің аты-жөніңізді қосуға қалай қарайсыз?! Мәселен, «Түнгі студияда Қайрат Әділгерей» деген сияқты…

– «Түнгі студияда Қайрат Әділгерей» деген болмайды. Бағдарламаның атауы «Түнгі студия» болып қалады. Менің тарапымнан атымды, тегімді қосайық деген ұсыныс болған жоқ. Бұл маған таңсық дүние ғой. Өздері де барынша өзгертуге тырысып жатыр. Менің ойымша өзгертулер енгізгеннен кейін, бағдарламаның форматы сол қалпында қалмауы үшін, тек «Түнгі студия» болып қалғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» деген ол өзі бөлек бренд. Сондықтан да жаңашылдық алып келу үшін, қайталап керек емес сияқты.

 – Жоғарыда өзіңіз айтпақшы, «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» бағдарламасы бренд. Аталмыш шоуды тізгіндеу сізге бұйырды. «Біткен іске сыншы көп» – дейді ғой. Көпшіліктің сынына қаншалықты дайынсыз?

– Әрине, қобалжу мен қорқыныш бар. Сын айтса ол өмір-бақи тұрмайды ғой. Көп болса бір апта шулар, он күн шулар, бір ай шулар. Бірақ уақыт керек. «Мен де бірінші бағдарламадан халықтың сүйіктісіне айналамын» – деп айта алмаймын. Сол сияқты бәріне уақыт керек. Уақыт бәріне емші. Барлығы өз уақытымен орнына келеді деп ойлаймын. Ең бастысы сенім бар, жұмыс жасауға ынта бар. Жаңалық алып келуге қолдан келгенше тырысамыз.

– Жаңалық демекші, «Түнгі студияда» қандай өзгерістер орын алмақ? Жалпы жаңа маусымда бағдарлама форматында жаңашылдық бар ма?

– «Түнгі студияның» логотипі өзгереді. Алғашқыда музыкамен сүйемелмеу үшін басқа топты шақырғанбыз, кейін бұрыннан бері істеп келе жатқан «Абат» бэндін қайта қалдырдық. Көмекші жүргізуші ретінде қыз бала болады. Әзірге басшылықтың талабы бойынша аты-жөнін айтуға болмайды. Жалпы ол кісі танымал блогер. Әлеуметтік желіде өзінің орны бар, жас қыз. Әзірге жанымдағы әріптесім жайлы осылай ғана анықтама бере аламын.

– Білуімше Қайрат Әділгерей отбасымен Алматыда тұрады. Жаңа жұмысыныздың кестесіне орай Астанаға қоныс аудару жоспарда бар ма?!

– Астанаға қоныс аудармаймын. Екі қаланың ортасында барып-келіп жұмыс жасаймын. Өйткені Алматыда менің үйім бар, жанұям бар, жұмысым бар. Әзірше басқа қалаға көшуге менің өзім де, жанұям да дайын емеспіз. Оның үстіне Алматыға үйреніп қалдық. 20 жылдан бері сол қалада өмір сүріп келе жатырмыз.

 – Соңғы сауалым болсын. Жаңа форматтағы «Түнгі студияның» бірінші бағдарламасы қашан эфирге шығады? Жобаның алғашқы қонағы кім?

– Эфир 5-ші наурыздан бастап шығады. Алғашқы қонақ Сәкен Майғазиев. Өйткені ол кісінің 7-ші наурыз күні Республика сарайында «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» атты концерті өтеді. Сол кеште болатын жаңалықтар жайлы жақсы бір сұхбат болды. Бағдарламаның шымылдығын сол кісінің қатысуымен ашамыз.

– Уақытыңызды бөліп, шынай сұхбат бергеніңізге мың алғыс! «Түнгі студия» рейтингі ең жоғары бағдарламалардың көшін бастасын деген тілегіміз бар. Жұмысыңыз жемісті болсын! 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Құрметті оқырман! Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981

Жіберіп алмаңыз:

Біз де ауырғанбыз: Отандық жұлдыздар тыңдармандарына мінез көрсеткен кездерін еске алды

Жалығып кеттім: Бағлан Әбдірайымов квартет орындайтын әндерді ұнатпай жүр

Гүлназ Әлімгерей: Немересіне орысша сөйлеп отырған ата-әжелерді көріп жаным ашиды

Жасырған едік: Майғазиевтің анасы келінінің жүкті екенін түс көріп білген

Ата-анам танымай қалды: “Қалаулымның” экс-қатысушысы шоудан кетуінің себебін ашып айтты

 

Талқылау