Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бар ойым інілерімді құтқару болды": Шымкентте өрттен бауырларын аман алып қалған 12 жасар қыз оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Бауырларын өлім аузынан алып шыққан ержүрек қыз Анна Саворовскаяға Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушы генерал-майор И. Кульшимбаевтың бұйрығымен "Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін" медалі табысталды. Анна Stan.kz тілшісіне оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

Анна Саворовская

Оқыс оқиға 15 шілдеде қаладағы Қайнарбұлақ елдімекенінде түнгі сағат ондар шамасында болған. Екі кеште ата-анасы көршілерінен сүт алмақ болып кетіп қалғанда үйде 12 жасар Анна егіз бауырларымен қалады. Кенет ауа баптағыштың қысқа тұйықталуынан өрт шыққанда қаршадай қыз ұйықтап жатқан егіз інісін түтінге тола үйден кезек-кезек көтеріп шығарған. 

"Ауа желдеткіш балалар жатқан кереуеттің тура тұсында ілулі тұрған. Бауырларым қалың ұйқыда еді, өзім теледидар көріп отырғанмын. Бір уақытта күйіктің иісі шыға бастады, терезе ашық тұрған соң,иіс сырттан келіп жатыр деп ойладым. Кейін өз бетімше өртті сөндірмек болып әрекет еттім. Алайда, лапылдаған оттан алдымен бауырларымды қорғап қалайын деген оймен алдымен кішкентай інімді, көтеріп сыртқа шығардым. Екінші ініме келгенде  түтіннің тіпті қоюланып кеткенін байқадым. Қорқынышты болды. Сонда да ішке кіріп, інімді көтеріп далаға алып кеттім" - дейді батыр қыздың өзі.

Анна 2

Бауырларының қауіпсіздігін қамдаған қаршадай қыз қарбалас жүгіріп жүргенде өз өмірінің қауіпте болғанын тіпті ойлауға да шамасы болмаған. Құтқарушылар келгенге дейін өртті сөндіруге көршілер көмектескен екен. Абырой болғанда, өрт газ баллоны орналасқан жуынатын бөлмеге жетпей сөндірілген. Сәл кешіккенде үйдің күлі көкке ұшар еді, дейді анасы  Мария Саворовская. 

"Қызым өрт шыққанын айтып, хабарласты. Біз үйге келген кезде терезеден шығып жатқан отты көрдік. Жалындаған өрт. Бірден шлангты қосып, өртті сөндіруге әрекет жасадық. Крандағы судың қысымы төмен болғандықтан, отты ауыздықтауға жетпеді. Көптеп-көмектеп, суды хауыздан әкеліп тасыдық. Терезені ашпақ болған жолдасымның қолы жарақаттанды." - дейді қыздың анасы Мария Саворовская.

Қазір оқыс оқиғаға душар болған отбасы баспананы қайтада қалпына келтіру үшін әрекет жасауда. Ал мүліктен сау қалғаны жоқтың қасы. Өрттен зардап шеккен тұрғындарға уақытша баспана беріліп, ас-ауқат жеткізіліпті.

Талқылау