Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қорыққаннан үйлерінен заттарын шығара бастады": Алматылықтар тәртіпсіздіктер кезінде банктен шыққан өртті өздері сөндіруге мәжбүр болған

Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен жерлердің бірі банк мекемелерінің ғимараты болатын. Көпқабатты үйдің астында орналасқан мекемеден шыққан жалын үстіңгі қабатқа өтіп кету қаупі барлық үй тұрғындарының зәресін алса керек. Өрт сөндірушілердің келмейтінін білген жұрт өз күштерімен тілсіз жаумен алысқан. Жергілікті тұрғын болған жайдың мәнісін Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

“Түтіннің иісін сезе бастадым. Қатты жанған пластиктің иісі мұрыныма келді. Адамдардың барлығы не болғанын білу үшін шошып сыртқа шыға бастады. Ол жақта есіктен басқа терезелердің барлығы жабылып, бұғатталған. Сынған есіктен түтін шығып жатты. Тұрғындар дабыл қағып, бірігіп жүріп, өрт сөндірушілерге хабарласты. Алайда сол сәтте қаладағы жағдайдың ушығуына байланысты олар келуден бас тартты”, – дейді алматылық тұрғын. 

Тәртіпсіздіктер кезінде бүлікшілер қаладағы бірнеше банкке өрт қойған. Қарапайым тұрғындар дер кезінде қарсы әрекетке көшпегенде тілсіз жаудың қарқыны көптеген тұрғын үйлерге жетіп, зардабын тигізетін еді. 

“Өртті өз күшімізбен сөндіруге тура келді. Бізде баққа арналған арнайы суару жүйесі бар болатын. Соны жертөледен шығарып, шланг жалғау арқылы өртті сөндіруге тырыстық. Бұған қоса шелектермен су тасып, өрттің бетін қайтардық. Жалынды өз күшімізбен өшірдік. Еріктілер кіріп, өрттің тұтану ошақтарын сөндірді. Көп адам жүрді. Көрші үйлердің де тұрғындары келіп сөндіруге көмектесті. Ауладағы барлық үй тұрғындары атсалысты”, –  деді оқиға куәгері.

Өрт жалынының өршіп, баспанаға қарай көшу қауіпі туған кезде тұрғындар бар күштерін қалайда жалын қарқынын жеңуге арнаған.

“Кейбірі қатты дүрбелеңге салынып, қорыққаннан заттарын сыртқа шығара бастады. Бірақ өрт жайылып кетпеді. Менің ойымша, бұл жерде өртті әдейі ойластырып, ұйымдасып қойған. Өйткені біреулердің нөмірсіз көлікпен келіп, бензин шашып, от жаққанын көрген куәгерлер бар. Өртті жабылып жүріп 1 сағатта сөндірдік. Ал банкоматтарды өрттен кейін қиратты”, –  деп қорытындылады ол.

 

 

 

 

 

Талқылау