“Көрдім, білдім деген адам жоқ": Жамбыл облысында әскерде борышын өтеп жүрген сарбаз бір айдан бері табылмай жатыр
Жамбыл облысында әскерде борышын өтеп жүріп жоғалған сарбаз 36 күннен бері табылмай жатыр. Қатардағы жауынгер Ұлықбек Бердішевті не шекара қызметі, не әскерилер, не полицейлер іздеп жатқан жоқ деп жақындары шағымдануда. Айтуларынша, әскерилердің іздеу жұмыстары бар-жоғы 2-3 күнге созылыпты. Артынша сарбаздың өз еркімен қашып кеткенін айтқан. Cодан бері жоғалып кеткен жігіттің туыстары ұлымыз командирлерінен қысым көрген болуы мүмкін деп болжап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп хабарлайды.
Жоғалған сарбаз Ұлықбек Бердішев
Орынкүл Мерекова әскердегі ұлымен соңғы рет 28 ақпан күні сөйлескен. Содан бері ұлынан хабар жоқ. Екінші наурыз күні "Андас батыр" шекара қызметінен әлдекім хабарласып, Ұлықбектің жоғалып кеткенін айтқан. Мұны естіген келіншек туған-туыстарын жиып, бірден Қызылордадан Жамбылға тартқан. Сөйтіп, келе сала әскерилерден мән-жайды сұрап, ақыры өздері тау-тасты кезіп, жоғалған жақындарын іздеуге кірісіпті. Тіпті шекара асқан.
“Көрдім, білдім деген адам жоқ. Сыртына келсек, камера тұр екен. Мына камера қайда деп сұрап едік, бізде камера жоқ деді. Енді мына сурет не үшін ілулі тұр деп едік, екі солдат камерамыз осы деді”, – дейді Ұлықбек Бердішевтің анасы Орынкүл Мерекова
Міне, содан бері тұп-тура 36 күн өтіпті. "Ұлым табылмай, кетпеймін" деген келіншек жақын маңдағы ауылдан пәтер жалдаған. Себебі әскерилердің "іздеп жатырмыз" деген сөзіне сенбейді. Әрі Ұлықбектің келісімшартпен жұмыс істейтін жігіттерден қысым көргенін естіпті. Бірақ құзырлы органдар істі тергеудің орнына кешірім беруге мәжбүрлеген дейді.
“Барлық суретті жан-жаққа, Жамбыл облысының барлық бәріне тараттық, ілулі тұр деп еді. Ешқандай баланың суреті жоқ. Соған жаман іштен күйіндім кеше келіп. Ешқандай баламның суреті жоқ, бұл қалай деп звондап едім, телефонды тастай салды”, – дейді Орынкүл Мерекова.
Орынкүлдің "жауап бермей, телефонды тастай салды" деген адамы шекара қызметі департаменті басшысының орынбасары – Қайрат Тұяқов. Ол келісімшартпен жұмыс істейтін қызметкердің Ұлықбек Бердішевке күш қолданғанын растады. Бірақ тергеу кезінде сарбаз бен әскери ортақ мәмілеге келіп, іске нүкте қойылыпты. Ал жоғалған жігітті іздеу жұмыстары бір сәтее тоқтатылған жоқ дейді.
Сөзінше, бірінші күннен бастап Ұлықбекті табуға 100-ге жуық сарбаз бен ерікті жұмылдырылған. Одан бөлек бүкіл ел аумағында жауынгер туралы деректер жазылған парақшалар таратылыпты.
Бізбен бірге талай мәрте ата-аналары да іздеуге шықты. Көптеген елді мекенді араладық. Еріктілер, ауыл тұрғындары, атты патруль, тіпті 7 рет тікұшақ та ұшырдық. Сондай-ақ Алматы және Қызылорда облыстарындағы әріптестері де атсалысып жатыр. Жоғалған сарбаз туралы деректер жарияланған. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Іздеу тоқтатылды деген – бекер сөз”, – дейді ЖОБ Шекара қызметі департаменті басшысының орынбасары Қайрат Тұяқов.
Шендінің айтуынша, қазір бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бірақ әзірге Ұлықбек табылған жағдайда оған қандай жаза қолданылары белгісіз.