Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қордай ауданында көз жұмған Дархан Әбдірахым жайлы ақпаратты ІІМ растады

ҚР-дың Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Жамбыл облысының Қордай ауданында болған кикілжіңнің салдарынан қаза болғандардың арасында Масанчиге басқа ауылдан келген азаматтың бар екендігін растады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Дархан Әбдірахым

"Опат болған Дархан Әбдірахым жайлы не білеміз? Ұлты- қазақ. Туған туыстары оның қайтыс болғаны туралы қағаз ала алмай отыр. Дархан жеке жолаушы тасымалымен айналысатын. Оның құжаттары көлікте болған. Оқиға орын алған түні ол басқа адамдар секілді Масанчи ауылына келген. Дарханның жасы 25-те еді. Оның денесі қанға малынып жатқан жерінен табылды. Көлікке де зардап тиген, құжаттары жоғалған. Отбасының жалғыз ұлы, артында үш баласы қалды. Көліктің несиесі тағы бар. Оның ата-анасына жергілікті атқарушы билік өкілдерінен ешкім келіп бір ауыз сөз айтпаған. Журналистер де келмеді. Кешеден бері эфирден көз жұмғандардың тізімі түспеді. Неге Дархан туралы ешкім айтқан жоқ?", - деп жазыпты Азамат Ерғали Facebook парақшасында. 

Естеріңізге салайық, бұған дейін қақтығыстың салдарынан 11 адам көз жұмды деп айтылған болатын. Кейіннен ІІМ-нің баспасөз қызметі опат болғандардың саны 10 деп нақтылады. 

"Дархан Әбдірахым көз жұмған 10 адамның қатарына кіреді", - делінген хабарламада. 

7 ақпан күні Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес орнаған. Тәртіпсіздікке 300-дей адам қатысқан. Бірнеше адам жарақат алды. Алғашында 8 адам көз жұмды деп айтылған бұл оқиғаның себебінен опат болғандардың саны 10-ға өсіпті. Зардап шеккендердің арасында тәртіп сақшылары да бар. Бұзақылар қару қолданып, жергілікті нысандарды өртеп жіберген. 

 

Талқылау