Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қонаевта мектеп оқушылары жиналып төбелес шығарған сәті видеоға түсіп қалды

Әлеуметтік желіде Алматы облысы Қонаев қаласында мектеп оқушыларының жиналып, төбелескен сәті қызу талқыланып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото видеокадрдан алынған

Видеодағы жазбада балалардың теміржол бойында жиналғаны және мән-жайдың қалай болғаны туралы жазылған.

"Біз 4-ші шағынауданда тұрамыз. Артқы жағымызда "Сити+" бар. Бұл жақта күн сайын балалар төбелесіп, тіпті бірін-бірі өлтіруге шақ қалады. Оларды көрген сайын ұрысамыз, қуып жібереміз, бір нәрсе болып қалмасын деп арттарынан қуамыз. Біз бұған дейін видеоға түсірмегенбіз. Бүгін тағы қайталанған соң, түсіріп алдым. Ұлды жерге құлатып, ұра бастаған соң, оларды тағы қуа бастадық. Олар қашып кетті. Бұл нағыз мәселе әрі қорқынышты", –делінген желідегі жазбада.


Қонаев қалалық білім басқармасы жанжалға қатысқан оқушылардың анықталғанын хабарлады.

"Мектеп әкімшілігі оқушылармен қатар, олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгіме өткізіп жатыр. Аталған мәселе бақыланып жатыр", – деп жауап берді Қонаев білім басқармасы.

Еске салайық, 1 сәуір күні Петропавлда студенттер жатақханасының маңындағы жаппай төбелесті куәгерлер видеоға түсіріп алған. Бейнежазбадан ер адамдардың жұдырықтасып қана қоймай, төбелес кезінде бейсбол битасына ұқсас зат қолданғанын көруге болады. 

Талқылау