Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Композитор Арман Қайназаровтың не себепті араққа салынып кеткені белгілі болды

Ішімдікке салынып, көшеде түнеген ақын әрі композитор Арман Қайназаровтың тағдыры соңғы уақытта әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Өмірі ойда-жоқта күрт өзгерген өнерпаз туралы бұрын-соңды ешкім естімеген ақпараттарды журналист әрі продюсер Тимур Нұғман ашық айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы. 


Тимур Нұғманның айтуынша, ол Арман Қайназаровты ең алғаш Youtube желісінен көрген. Әлгі видеода араққа сылқия тойған композитор аялдамада ұйықтап жатады. Сол сәтте журналист бірден Алматыдағы Шаңырақ шағын ауданынан барып, талантты жігітті көшеден тауып алады. 

"Жерде топырақтың үстінде отыр. Басында қабылдамады, жатсынды. "Сен кімсің?" деп сұрады. Сол жерде екеуміз бір жарым сағаттай сөйлестік. Маған әңгімелерін айтты: "Мен осындай композитормын, осындай әншілерге ән шығарғанмын" деді. Әншілердің бәрін көрсетті. Сосын алдап-сулап моншаға алып келдім. Өйткені ештеңеге көнбейді. Сосын сол моншада жұмыс істейтін бір кісіге айтып, жуындырдық. Өзі жуына алмайды, мүмкін емес. Енді бір ай кешіккенде Арман өліп қалар еді немесе аяғын кесетін еді. Өйткені аяғының бақайлары іріңдеп кеткен. Тырнағы қайырылып етіне кіріп, іріңдеп кеткен. Моншаға апарғанда әлгі кісі іріңін сықты, сол кезде қанды ірің шықты. Арманның өзі айтты: "Менің қасымда 1990 жылғы бала бар еді. Осы 3-4 күн бұрын өліп қалды" деді. Ішкілікке салынған адамдарға күнде ішу керек болады да, басқа жол жоқ. Дүкен таңертең ерте ашылмай қалса өліп кетеді. Арманның қасындағы жігіт тура дүкеннің алдында өліп қалған ғой", – дейді Тимур Нұғман.  

Арман Қайназаров кезінде талай танымал әншілерге ән жазып, шығармашалық байланыс орнатқан. Алайда атақты эстрада өкілдері бұл сазгерді бағаламаған екен.

"Арман алғашқыда әншілерге ән жазып беріп, ақшасын алып жүреді. Бұл жақсы ән шығарады да, бір әншіге апарып ұсынады. Ол кезде енді ішіп жүрген уақыты. Әлгі әнші әнді көреді де, "Арман, сен ішіп жүрсің ғой. 50 доллар болса да ақша ғой, мен саған 50 доллар беремін" деп айтады. Сонда әннің бағасын түсіріп тастайды ғой. Бірақ ол әншінің атын атаған жоқ, жасаған иттігі туралы айтты. "Жақсы араласып жүрген кісі еді, көңілім қалды. Менің әнімді бағаламады" дейді. Сонда біз Қазақстанда ең мықты ән шығаратын азаматтардың бағасын түсіріп тастағанбыз да. Содан бастап Арман ішеді ғой. "Мен әнімді сата алмасам, оның бағасы 50 доллар болса, қайтемін өнерде жүріп" дейді ғой. Арманның ішіп кетуіне әншілердің оның өнерін, өлеңін бағаламауы себеп болған. Мен қай әнші екенін білмеймін. Бірақ бір-екі әншіге өлең жазып берген екен. Артынан жүгіріп жүріп, ақшасын зорға алған ғой", – дейді журналист. 

Арман Қайназаровтың әндерін осы уақытқа дейін Қарақат Әбілдина, Абай Бегей, Ұлықпан Жолдасов, "Жігіттер" тобы сынды бірнеше өнерпаз орындаған екен. Көше кезген музыканттың әлі жарыққа шықпаған біраз туындысы бар. Қазіргі таңда сазгердің авторлық шығармаларын сатып, табысқа кенелуді көздегендер көп екен. 

"Бұл кісіде қазір 35 ән тұр, сол 35 әннің бәрі мықты. Мен 5-6 әнін көрдім. Енді сол әндерді шығарса, ол жерде үлкен ақша жатыр ғой. Бұл жерде араға түсіп жатқан адамның бәрі ақша үшін араға түсіп жатыр ғой. Неге десеңіз, оның бір әні 2-3 миллион теңге болуы мүмкін. Енді 35 әнді 2-3 миллионнан есептесеңіз, қанша болады? Бірталай ақша жатыр ғой. Бұл жерде оның денсаулығы, халықтың алдына шығуы оларға маңызды емес. Қазір таңда хит боп тұрған кезінде оның әнін сатып қалу керек боп тұр ғой. Бұл – қасында жүрген азаматтардың жоспары", – дейді продюсер. 

Арманға қол ұшын созып, жәрдемдескен жігіттің айтуынша, композитордың үй-күйсіз жүргеніне 10 жылдан асыпты. Алматыда дала кезген сазгер Сыр елінің тумасы екен.  

"Арман Қайназаров 1978 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданында туған. Оның отбасы бар, төрт баласы және әйелі бар. Анасы мен бауырлары да бар. Алматыдағы Шаңырақ шағын ауданында бір бөлмелі пәтерде тұрады. Арман әйелімен тұрмайды. Өзінің айтуынша, олар ресми түрде ажырасып кеткен. Ары қарай олардың отбасылық мәселесін білмейді екенмін", – дейді Арман Қайназаровты көшеден тауып алған жігіт.

Сондай-ақ бұл сұхбатта Арман Қайназаровтың туған інісі композитордың видеосын желіге жүктеген Тимур Нұғманды сотқа беретіні туралы да ашық айтылды.   

Видеоның толық нұсқасын Stan Kz Youtube арнасынан көріңіз.

 

Талқылау