Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Компания анама қарыз": Ақша ұрлады деп сотталған Маңғыстау медиа холдингінің бұрынғы басшысының қызы әділдік сұрайды

Маңғыстау медиа холдингінің бұрынғы басшысы Айсұлу Дүтбаева ақша жымқырып, немқұрайлылық танытқаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда ол шешіммен келіспейді, айыталушының қызы Карина Құрманалина бұған бухгалтер ғана кінәлі деп санайды. Ол Stan.kz тілшісіне оқиғаны толық баяндап, іс барысындағы олқылықтарды айтып берді.

Бұрынғы басшының қызы әділетсіздікке қарсы тұрғысы келеді. Ол анасына кей баптар бойынша айып негізсіз салынғанын айтады.

Былтыр мамыр айында медиа холдинг басшысы компанияда ақша жымқыру фактісі бойынша куәгер ретінде шақырылған. Ол білгенінше жауап берген дейді. Бұл кезде бухгалтер Гүлшат қана күдікті болғанын айтады. 

“Бухгалтер өз жауаптарын жиі өзгертті. Бір сөзінде 57 миллион теңгені қолма-қол анама бергенін айтты. Осылай іс прокуратура берілген кезде күдіктілердің қатарына анам кірді. Сараптамаға сүйенсек, барлық ақша бухгалтердің есепшотына түсіп отырған және операциялар оның компьютері арқылы жасалды. Анамның қателегі –сенгенінде. Оған өз ЭЦҚ-сін беріп қойды. Бухгалтер әйел 2016 жылдан бері анамнан бұрын осы қызметте жүргендіктен, арам ойламады. Анам бұл лауазымға 2019 жылы тағайындалды. Анам қызмет еткен екі жылда жиі тексерулер болды. Ол кезде де анықталмаған”, – деді сотталған әйелдің қызы.

Айтуынша, осы іс бойынша үш рет тергеу тобы ауысып, прокуроратураға екі рет қайтарылған.

“Көп БАҚ ақпаратты бұрмалады. Өйткені прокуратурадан соң 57 миллион залал төрт миллион теңге болды деп жазды. Ал шындығында 57 миллион теңге бойынша айып тек бухгалтерге ілінді”, – деді Құрманалина.

Төрт миллион теңге анам мен бухгалтер екеуіне “бірігіп ақша жымқыру” бойынша қозғалды

“Екі рет сараптама болды. Сол кезде керісінше компания менің анамның жалақысын толық бермегені анықталды. Компания анама 700 мың теңге қарыз”, – деді ол.

Қыз анасының кәлеметке толмаған екі баласы бар екенін және жалғызбасты ана екенін алға тартты. 

“Анам президентке мәлімдеме жасап, Facebook парақшасына пост жариялағаннан кейін тергеу изоляторына қамалды. Сонда жарты жыл болып, 2023 жылдың 23 мамырында ғана босатылды. Десе де оған үйден шығуға, телефон қарауға толық тыйым салынған. Ол отбасын асырап, жұмыс істей алмады. Ал бухгалтерге сол кезде кешкі 6-ға дейін шығуға рұқсат берілді”, – деді сотталушының қызы.

Айсұлу Дүтбаеваға “Немқұрайлылық”, “Бірігіп қаржы жымқыру” және “Тергеу құпиясын ашу” баптары бойынша шешім шығып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Алайда бір жылын тергеу изоляторында болған кезбен өтеді. Сондай-ақ ол он жыл мемлекеттік қызметті атқара алмайды. 

Сот үкімінен бірнеше күн бұрын ол сырқаттанып, ауруханаға түсті де, сот процесіне қатыса алмаған. Әрі бухгалтердің шығынды өтегенін айтты.

Карина апелляциялық шағым беріп, анасын ақтап алуға ниетті.  

Еске салсақ, Маңғыстау медиа холдингінің басшысы төрт жылға сотталғаны айтылды.

Талқылау