Көлікте өртеніп кеткен: Жамбыл облысында жол апатынан 23 жастағы әйел мен 2 жасар баласы қаза тапты (видео)
Жамбыл облысында жол апатынан әйел мен оның екі жасар баласы қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 24 қараша күні кешкісін "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" республикалық тас жолының 369-шақырымында болған. Таразға бет алған ВАЗ 2114 пен BMW көліктері жол жиегіне тоқтап тұрған, осы кезде 44 жастағы Мерседес жүргізушісі рөлге ие бола алмай жол жиегіндегі көліктерге соғылған. Жол апаты салдарынан BMW көлігінің жүргізушісі мен оның кәмелет жасына толмаған ұлы оқиға орнында көз жұмды.
Қазақстанда биыл жол апатынан зардап шеккендердің саны рекордтық деңгейге жетті
Полицияның дерегінші, BMW көлігін 23 жастағы бойжеткен басқарған, ал көлікте оның екі жасар ұлы болыпты. Соққыдан көлік өртеніп кеткен.
"Мерседес жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", – делінген полиция хабарламасында.
Жол-көлік оқиғасына қатысты "абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Еске салсақ, бұған дейін Қарағанды облысында жантүршігерлік жол апатынан 7 адам қаза тапқаны туралы жазған едік.