Шымкент тұрғыны құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлерге шөп тасып, көптеген қазақстандықтарға үлгі болды
"Қолға алған шара хайып үшін емес". Батыс өңірінде көтерем болған төрт түлікке шөп жинап жатқан түркістандық Құрмет Талапқазы осылай дейді. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" демекші, оның қасына еліміздің түкпір-түкпірінен ерікті жастар келіп қосылып жатыр. Ондағы мақсат – уақыт оздырмай, қуаңшылыққа тап болған аймақтардағы ағайындарға шөпті ертерек жөнелту. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия" арнасына сілтеп хабарлайды.
Мұрат Солтанбайдың оңтүстікте қолға алынған асарға Талдықорғаннан келгеніне небәрі екі күн болған. Жақында ғана аяғы мен асқазанына ота жасалғанына қарамай, барынша қол ұшын созуға дайын екен. Бір қуантарлығы, игі шараны бастаған Құрмет Талапқазыға көмек көрсетуге ынталы адамдардың саны күн санап артып келеді.
"Әлеуметтік желіден күнде көрсетіп жатыр ғой. Сол жерден көріп, жаңағы Құрмет бауырымыздың осы Қазақстанға үндеу жолдап жатқанын көріп шыдай алмадым. Әке-шешемнен сұранып, баталарын алып, алдыңғы күні шыққам. Кешеден бері жұмыс істеп жатырмын. Ауруханадан шыққаныма бір-ақ апта болды. Соған қарап жата алмаймын. Ел болып, жер болып осындай асар жасап жатқанда", – дейді Алматы облысының тұрғыны Мұрат Солтанбай.
- Қазақстанда 1975 жылғы жағдай қайталанып жатыр: Құрғақшылық апатын қалай алдын алуға болады?
- Қазақстанда 46°с ыстық тіркелді: 30 жыл бұрынғы рекорд жаңарды
Екі апта бұрын игі істі бастаған Құрметтің қазір телефонына дамыл жоқ. Елдің түкпір-түкпірінен хабарласқандар қолдан келгенше көмектерін аямауда. Яғни бірі артылған шөптерін берсе, енді бірі қаржылай көмектерін жіберіп жатыр екен. Тіпті болмағанда сөзбен демеп, бата беретіндер де кездеседі екен. Аздаған уақытта әлеуметтік желіде танымал болған кейіпкеріміз төрт-түліктің жұты жан шыдатпады дейді. Содан осындай шөп шабу бастамасын қолға алған. Алтайдың арғы жағынан келген қандасымыз басында далада түнеп, күнде нәр тартпай жұмыс істегенін де айтып қалды.
"Орылғаны бар, орғалы жатқаны бар, престеліп дайын тұрғаны бар 30-40 мың көлемінде, ал орылып, енді престеліп жатқан шөп 30-40 мыңның көлемінде. Енді орылайын деп жерін беріп жатқан кісілер бар, 10-15 гектарлап жерін беріп отырған кісілер бар. Ана солтүстік Қазақстанда 1500 гектар жерін беріп отыр. Бәрін қосқанда орылмай тұрған шөппен қосқанда 300 мың пресс былайша барлық ел аттанысқа келсе, 400 мың пресс жақын арада 1-2 апта ішінде дайын болады деген үміттемін", – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Құрмет Талапқазы.
Еріктілер сөзінше қазіргі уақытта елден жиналған қаржы 2 млн теңгеге жеткен. Бұл ақша тиын-тебеніне дейін шөптерді жөнелтуге жұмсалады екен. Престелген шөптерді жөнелтілгенге дейін жинайтын өңірде үш орын белгіленген. Оның бірі, Шымкент қаласы екіншісі Сарыағаш ауданы және Төрткүл елдімекенінде. Шараға бейжай қарай алмайтын облыстың тұрғындарының барлығы шөптерін тегін әкеліп жатыр екен. Ал игі шараны ұйымдастырып жүргендер күні ертең Батыс Қазақстан облысына 6 вагон шөпті жіберуді жоспарлап отыр.