Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қол көтергенін қызым көрді": Жанель Мақажан бірінші күйеуімен неге ажырасқанын айтты

Актриса Жанель Мақажан бірінші күйеуімен ажырасуына не себеп болғанын түсіндірді. Айтуынша, экс-жары үйде жиі жанжал шығарып, тіпті қол көтеруге дейін барған. Мұның барлығы Жанельдің қос жеткіншегіне кері әсер еткен. Бұл туралы Жанель Айнұр Ілиясованың MOM'sкий әңгіме подкастында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жанель бұрынғы жұбайымен жеті жыл некеде болғанын айтады. Осы уақыт ішінде актриса бір қыз бен бір ұл баланы өмірге әкелген. Сөзінше, олардың ажырасуына күйеуімен арақатынасы, қол көтеруі, үлкендердің ортаға араласуы мен материалдық жағдай себеп болған. Актриса 7 жылда 8 пәтер ауыстырғанын еске алды.  

"Енем өгей болды. Ол менен 7 жас үлкен еді, арамыздағы әйелдік қарым-қатынаста бәсекелестік болды. Ата-анадан сепарация болмағаннан кейін, бала ата-анасынан алыстай алмайды. Біздің отбасымызға тіреу болмағандықтан, ондай еркекті отбасымыздың тірегі деп айта алмаймын. 

Үйдегі ұрыс-керісті, маған қол көтергенін қызым көрді. Жүрегіне қатты қабылдады. Қызымның тарапынан: "Мама, бөлек тұрайықшы", – деген әңгіме болғаннан кейін өзім соған дайындалып жүріп, ажырасып кеттік. Оған қоса материалдық жағдай, туысқандардың араласуы, өзіміздің арамыз бар", –  дейді Жанель Мақажан. 



Бұрынғы күйеуі ажырасқаннан кейін балаларына алимент төлеуден қашқақтап жүрген. Ақырында Жанельге сотқа жүгінуге тура келіпті. 

"Бастапқы екі жылдай алимент төлеген жоқ. Қағаз жүзінде болмағандықтан, ауызша айтылып жүре береді екен. Солай екі жылдың өтіп кеткенін байқамай қалдым. Кейін сот арқылы алдық. Біздің елде неге ондай аз екенін білмеймін, екі балаға 50 мың теңге алған болатынмын. 

Одан кейін тағы төленбей қалды, кейін үлкен дау болып, екі балаға 20 мыңнан беріп отырды. Тұрмыс құрғаннан кейін жарым: "Алименттен бас тартсаңыз, риза болушы едім, – деді. – Өйткені балаларға ондай қамқорлықтың қажеті жоқ, түгелдей өз қамқорлығыма аламын”, –  деді. Сонымен қуана-қуана бас тарттым. Ол менің мойнымда тұрған жүк сияқты болатын", – дейді Жанель Мақажан. 

Әйтсе де, ештеңеге қарамастан, бүгінде жасөспірім шағына келген балалар әкелерімен араласып тұрады екен.


 

Талқылау