Көкшетауда келіншегін қасақана өлтірген азамат 11 жылға сотталды
Көкшетауда азаматтық некедегі әйелін қасақана өлтірген жігіт 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Өткен жылдың желтоқсанында болған қанды оқиғаға қатысты сот осындай үкім шығарды. Естеріңізге салсақ, 2017 жылдың соңында әйелінің жұмысқа келген сәтін күтіп тұрған Аркадий Горькавый оны көлігімен соғып кеткен еді.
Бұл туралы 31 арна хабарлады.
37 жастағы Анастасия мен 30 жастағы Аркадий 2012 жылдан бері азаматтық некеде тұрған. Отбасында талай рет ұрыс-керіс болып, ер адамға екі мәрте әйеліне жақындамау туралы жазбаша ұйғарым берілген. Ал, соңғы келіспеушіліктің аяғы әйелдің өліміне әкеп соқтырды. Кінәсін мойындағысы келмеген Горькавый «көлігімнің тежегіштері істемей қалды, әйелімді өлтіретін ойым болған жоқ», – деп ақталған. Алайда, тергеу амалдары барысында оның әрекетінің қасақана жасалғаны толық дәлелденді. Көз жұмған әйелдің артында 15 жастағы ұлы қалды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Сондықтан, тараптар істі қайта қарауға өтініш бере алады.
«Бүгін 11 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды. Зардап шегуші тарап 7 млн теңге моральдық зиян өтеу туралы талап арыз берген болатын. Сот сотталушының материалдық тұрғысынан қарап оны 3 миллионға түсірді. Содан 3 млн жәбірленушінің пайдасына өндірілді»,- деді Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Алым Қайшыбеков.