Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Клебановтардың бизнесі жүрмей қалды деп, "сіңір кедейлерді" қанай  беру – күпіршілік": Депутат Саиров халықтың төлем қабілеті жайлы айтты

Ел азаматтары жылына коммуналдық төлемдерге 15 миллиард теңге қарыз болып қалады. Бұл туралы "AMANAT" фракциясы мүшесі, депутат Ерлан Саиров айтты. Ол өзінің депутаттық сауалында халықтың әл-ауқаты төмендеп, төлем қабілеті азайып бара жатқандығына қарамастан, үкімет коммуналдық сфераның тарифтерін өсіріп отырғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: mazhilis_kz / видеодан скриншот

"Азаматтардың төлем қабілетінің төмендігіне байланысты, азаматтар жылына коммуналдық төлемдерге 15 миллиард теңге қарыз болып қалады. Үкімет "Тарифке инвестиция айырбас" принципін іс-жүзіне асырғанда, халықтың қалтасының жұтаңдығы ескерілуі тиіс. Тұрғын үй көмегі квартал сайын төленеді, әр кварталға  орташа есеппен 20 мың теңгеден болады. Оның өзін нағыз мұқтаж адамдар ала алмайды.Өйткені бұл өтемді алу үшін өзіңнің меншік үйің немесе мемлекеттен жалға алынған үйің болуы тиіс. Ондаған құжат толтыру керек", – деді ол.

Депутат атап өткендей, үй-күйі жоқ, пәтер жалдап жүрген, біреудің ауласын жағалап жүрген,  ондаған мың нағыз мұқтаж азаматтар мемлекет көмегінің жұрнағын да көрмейді.

"Тарифтердің өсуінен қиналатын, өтемақыға ең зәру – осы кісілер. Клебанов тәрізділердің бизнесі жүрмей қалды деп, "сіңір кедейлерді" қанай  беру күпіршілік болады. "AMANAT" фракциясы әлеуметтік әділеттілік принципі мемлекеттің басты миссиясы деп санайды", – деді Саиров өз баяндамасында.

Саиров Үкімет "Тарифке инвестиция айырбас" реформасы кезінде келесі мәселеге назар аударуы қажет деп санайды:

 •    Тарифтердің қымбаттауына байланысты төлемақының сомасын арттыру;

•    Бұл төлемақыны нағыз мұқтаж, қалада өзінің баспанасы жоқ, пәтер жалдап тұратын азаматтардың алуына нормативтік тетіктер жасау;

•    Баспанасы жоқ, квартира жағалап жүрген азаматтарды статистика мәліметтеріне енгізіп, олардың әлеуметтік жағдайына мониторинг жасайтын әдістеме енгізу;

•    Бүгінде квартира жалдап, саяжайларда тұрып жатқан азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік  кепілдік алуының жүйесін жасау;

•    Олар – біздің азаматтарымыз. Бұл азаматтар бүгін бірде-бір статистика мәліметтерінде тіркелмеген, яғни ол адамдар мемлекеттің есеп санатында мүлдемге жоқ;

•    Аталған санат азаматтарға көңіл аудармау ертең терең әлеуметтік, саяси тәуекелге алып келуі ықтимал.
 

Талқылау