"Қызымның есімімен ұйықтап, оянып жүрмін": Марқұм Нүкенованың анасы қызын еске алып, әсерлі жазба қалдырды
Экс-министр Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың анасы қызына арнап жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Іnstagram.com/zhumachka
Салтанат Нүкенованың анасы қызына арналған жантебірентерлік жазбасында көпшіліктің қолдауына алғысын білдірді.
"Осы бірнеше айлар бойы қызымның есімімен ұйықтап, оянып жүрмін. Салта әрқашан да менің ойымда және денемнің әр бөлшегінде өмір сүріп жатыр. Бізден үйіміздің жаны мен күнін тартып алды. Кеудедегі ауырлық қалған өмірімнің соңына дейін қала бермек. Астанада балаларынан айырылып қалған аналармен болған кездесуден соң менің Салтамның жаны жәннатта екеніне тағы да көзім жетті. Жеп-жеңіл көйлек киген ол әкесі және маған, ағасына әрі қарай да өмір сүруімізге сол жақтан көмектесіп тұрады. Кездесулерде адамдар қасыма келіп құшақтап, біздің отбасымызды және Салтаны жақсы көретіндерін айтып жүреді. Сіздердің қолдауларыңызға алғысымды айтамын. Әлі күнге дейін қолдап келесіздер", – деп анасы әсерлі жазба қалдырды.
Ал желі пайдаланушылары Салтанаттың анасына жылы сөздер айтып, қолдау пікірлер жазды.
“Сіз керемет әйелсіз! Күйеуің екеуіңізді өмірде көріп, Салтанаттың кімнен сондай мейірімді, сұлу екенін түсіндім! Оның ата-анасы мен ағасы бар, жолы болды. Ол мұндай адамдардың бар екеніне тіпті күдіктенбегеніне сенімдімін”,
“Сізді жұбатуға сөз таба алмай отырмын... Тек дүниедегі барлық аналардың жүрегі сенімен бірге екенін біл”,
“Жұма апай, сіз сондай күшті адамсыз. Нәзіксіз әрі мықтысыз! Біз әрқашан сізбен біргеміз! Жарқын Салтушамыз жүрегімізде мәңгі қала бермек”, – деді оқырмандар.
Еске салайық, 2024 жылы 13 мамырда әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа сот үкімі шыққан еді. Нәтижесінде Бишімбаев 24 жылға сотталған.
Үкім шыққаннан кейін Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов сот процесінде бірінші сатыдағы соттың 20 заң бұзушылық жасағанын алға тартқан еді. Сондай-ақ ол судья Айжан Құлбаеваның жәбірленушілер тарапына жақтасып, тек балалары бар алқабилерді таңдаған деп айыптаған.
Айта кетейік, Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2023 жылы 9 қарашада ұсталған еді. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры Бақытжан Байжанов та тұтқындалды. Олардың сот отырысы 2024 жылы 27 наурыздан басталып 10 мамырға дейін жалғасып, ашық түрде өтті.
Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін айыпталған.