Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысында жылқылар қырылып жатыр: Мамандар пікір білдірді

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында жылқылардың қырылуына байланысты мамандар пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл жағдай алғаш рет 14 тамызда тіркелді. Кейін аудандағы Байкенже, Қожакент, Өзгент, Машбек Нәлібаев ауылдарында жылқы малы белгісіз себептермен ауыра бастаған. Олардың кейбірі өлім-жітімге ұшыраған.

"Жергілікті ветеринариялық дәрігерлер ауру ошағында болды. Ауырып тұрған жылқылардың клиникалық белгілері нақтыланды. Өлген жылқылардың басын тексергенде гастрофилез құрттары бар екендігі белгілі болды. Кейбір БАҚ-та айтылған 200 бас жылқының өлгендігі анықталған жоқ. Жалпы, ауданда 94 бас жылқы аталған ауруға шалдыққан. Жергілікті ветеринариялық дәрігерлер 29 жылқының өлгенін нақтылады. Қалғанын ветеринар дәрігерлер емдеп жазып шықты", - деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов.

Айтуынша, бұл паразитарлық ауруларға жатады. Оған қарсы іс-шаралар мал иесінің өз қаражаты есебінен жүргізілуі тиіс.

"Жылқы гастрофилезі ауруы ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы бұйрығымен бекітілген "Жануарлардың және адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, жануарларлан алынатын өнімдер мен шикізатты міндетті түрде алып қою және жою жүргізілетін кездегі жануарлардың аса қауіпті аурулар тізбесіне" енгізілмеген. Сондықтан мал иелеріне өтемақы қарастырылмайды.

Сондай-ақ, мал иелері жылқысы ауырып тұрғандығы жөнінде ветеринариялық дәрігерлерге уақытылы хабарламаған. Бұл ауру бөгелек құрттарынан пайда болады. Сондықтан оның алдын алу шаралары жүргізілуі тиіс. Олай болмаған жағдайда бөгелек құрттары жылқы ағзасында ересек құрттарға айналады. Емдік шараларды жүргізу тиімсіз болады. Оның соңы өлім-жітімге соқтырады", - деді Е.Әпетов.

 

Талқылау