Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызыл-жар СК" бапкерлері мен қызметкерлері жыл басынан бері жалақыларын ала алмай жүр

Петропавлдық “Қызыл-жар” спорт клубының футбол орталығында жұмыс жасайтын бапкерлер мен қызметкерлер жыл басынан бері жалақыларын ала алмай жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Match.kz спорттық порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: instagram.com/fc_qzj_qj

Дереккөздің айтуынша 2025 жылдың қаңтар айынан бері спорттық орталықтың қызметкерлері өз жалақыларын ала алмай жүр. Бұған дейін футбол клубындағы жас футболшылардың формалары мен дайындықта пайдаланатын заттары жайлы да дау орын алған еді. Алайда ол мәселенің шешілгені жайлы “Қызыл-жар” директоры Николай Панин “Meta-ratings.kz” порталына берген сұхбатында айтқан еді.

“Біздің спорттық орталықтан үш жүзден аса балалар жаттығады. Экипировкамен мәселе толықтай шешілді. Сонымен қатар барлық жастағы балаларға формадан бөлек 300 доп сатып алынды”, – деді Панин.

Айта кетейік, биылғы маусымда “Қызыл-жар” футбол орталығы мен жастар командасына облыстық бюджеттен 800 000 000 теңге қаражат бөлінген. Бұл футбол орталықтары арасында республика бойынша қазынадан ең көп ақша алған клубтардың бірі.

Жаңа директор әзірге қызметкерлерге жалақы қашан берілетіні жайлы нақты ештеңе айтпады. Бірақ басшының айтуынша жыл басында айлық ақшаның кешіктірілуі орталық үшін қалыпты құбылыс екен.

“Жалақыға келетін болсақ, клубқа қаржыландыру жылдың басында емес, кейінірек түседі. Бұл бюджеттен қаржыландырылатын барлық спорттық клубтар үшін стандартты тәжірибе. Жақын арада футболшылар, жаттықтырушылар және персонал екі айлық жалақысын алады”, – дейді Николай Панин.

Талқылау