Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызыл аймақта": Әлихан Смайылов ҚТЖ қарызын төлемесе дефолтқа ұшырайтынын айтты

Жоғарғы есеп палатасының төрағасы Әлихан Смайылов "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының дефолтқа ұшырауы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: t.me/railways_kz

Әлихан Смайылов мәжілісте есеп берді. Жоғарғы есеп палатасы Қазақстанда көлікті дамытуға бөлінетін қаржының қалай игерілетінін тексерді. ҚТЖ жұмысына тоқталған палата төрағасы компанияның өз міндеттемелерін өтей алмай отырғанын айтты.

“Компания несиелік тәуекелдің “қызыл аймағында” тұр. Оның қарызы 2024 жылдың басында 2,9 триллион теңге еді, қазір де өсіп жатыр. Жалпы қарыздың 45 пайызы немесе 1,3 триллион теңгесі бұрын қабылданған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға жұмсалды”, – деді Әлихан Смайылов.

Ол қаржылық және техникалық жағдайын жақсартудың нақты мерзімдерін белгілеп, ҚТЖ компаниялар тобының шығынын оңтайландыру қажет екенін айтты.

“Сонымен қатар қолданыстағы ұжымдық басқару әдістері мен "Самұрық-Қазына" АҚ даму стратегиясы еліміздің ұлттық теміржол компаниясының дағдарысының алдын алуға қауқарсыз. Активтер жай-күйінің одан әрі нашарлауы, қарыздардың өсуі және басқарудағы түбегейлі өзгерістерсіз олардың қызмет көрсете алмауы ҚТЖ-ны дефолтқа әкеліп соғуы мүмкін”, – дейді палата төрағасы.

 

Талқылау