Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызғанамын": Нұрболат Абдуллин әнші жұбайын неге сахнаға шығармайтынын түсіндірді

Отбасын көп көрсете бермейтін әнші Нұрболат Абдуллин жұбайы, оның мамандығы мен қызғанышы жайлы айтты. Жеке өмірі жайлы әнші журналист Аман Тасығанға сұхбат берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Нұрболат Абдуллиннің жарының аты Гүлфарида. Мамандығы бойынша – кәсіби музыкант. Кезінде Нұрболат екеуі мектепте бірге жұмыс істеген. Алайда бүгінде екі қыздың тәрбиесімен үйде отыр. Десе де, Абдуллин жұбайын "торға қамап қойғандардың" қатарына өзін жатқызбайды. 

"Үйде қамап отырмын деп айта алмаймын. Ол кісінің өзінің қалауы. Менің ел аралаумен жүрісім көп. Ол кісі де менімен бірге ел аралап жүрсе, баланың тәрбиесіне кім қарайламақ? Бұл – келісілген ішкі саясатымыз. 

Кішкентайлар сәл өскеннен кейін, мамандығы бойынша жұмыс істеуіне қарсы емеспін. Мұғалім, екеуміз кезінде мектепте бірге сабақ бердік. Сахнада жүруге өзі де аса құштар емес.



Мен бұл жұмысқа кіріскеннен кейін, өзі де түсінді. Бұл жерде жүру оңай емес. Мен де ер адаммын ғой. Біреудің көзінен, сөзінен қызғанатыным бар", – деп ағынан жарылды Нұрболат.

Өзге арулармен ән салып жүрген Абдуллин өз жарымен дуэт жазуға құштар емес. Одан бөлек, Абдуллин жұбайының "сауатты әрі кәсіби маман" екенін ерекше атап өтті. Сөзінше, балалар өскен соң, Гүлфарида өзінің білетінін кез келген балаға үйрете алады. 

Нұрболат – Қазақстандағы ең тартымды әнші жігіттердің бірі. Әншінің айналасында нәзік жандылар көп жүреді. Жұбайы Гүлфарида алғашқы жылдары қызғанышқа бой алдырғанымен, бүгінде бұл жағдайға еті үйренген көрінеді. 

"Ол кісінің қасында менің қызғанғаным қалып қояды-ау. Қазір түсіністікпен қарап үйренді ғой. Ер адам болғаннан кейін, менің тыңдаушыларым – әйел адамдар құшақтап, бетімнен сүйіп жататынын ол кісі дұрыс түсінеді. Анайы нәрсеге жол берген емеспін. Ол дәуірдің де өтетінін ол кісі саналы түрде түсінді. Бұрын жиірек болатын қызғанышын сиретті", – деп атап өтті ол.

Жұбайы сахнаға құштар болмағанымен, әншінің екі қызы өнерге жақын. "Екі кішкентай музыкаға жақын. Үш тілде кез келген әнді бұлжытпай айта береді", – деді Нұрболат.  

Талқылау